Жасөспірім өзін көрсету үшін сырт келбетіне өзгеріс енгізіп қана қоймай, бұзақылыққа баруы мүмкін. Өзін кінәлау, мәселеден қашу үшін есірткі қолдану — оған тәуелді болудың бас себебі. Әр үшінші ата-ана бала тәрбилегенде ұрып-соғады. Бұл туралы «Жарқын болашаққа жол: қоғамды тазартатын 5 қадам» деген форумда сөз болды. Іс-шара Ш.Беркімбаева атындағы Алматы қыздар мектеп-лицей интернатында өтті. Форумға Алматы және басқа да қалалардан жалпы саны 150 ата-ана, 30 мұғалім қатысты. Іс-шара барасында білім көрмесі ұйымдастырылды.
Форумды Ш.Беркімбаева атындағы Алматы қыздар мектеп-лицей интернатының басшысы Тамер Гюр ашып берді. Ол білім ордасының тарихы мен бүгінгі нәтижесі туралы сөз қозғады. Қоғамды тазалайтын 5 қадам туралы түрлі саланың үздік мамандары ата-аналар мен мектеп мұғалімдеріне лудомания, нашақорлық, вандализм, зорлық-зомбылық және ысырап қылу тақырыптарында сөз қозғады.
Имам Нұрлан Асанов хадисте ысыраптың түрі көп дейді. Сондықтан ол бұл тақырыпты Абай өсиетімен түсіндіргенді жөн көрді.
Абай «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп, ислам дінінің бес қағидатын айтқан болса, «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп бес жаман істің атын атап, түсін түстеген. Мұндағы бекер мал шашпақ деген ысырап ету туралы. Ысыраптың ысырабы – бос кетіп жатқан уақыт. Мұны ысырап деп ойламайтындар да бар. Бала уақытының бос кетуі – нағыз ысырап. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – дейді Абай. Иә, баламызды қатарынан қалдырғымыз келмейді. Бірақ шектен шығып кетеміз. Мешітке барсам бір жігіт қарызға кіріп кеткенін айтып, жәрдем сұрап келді. Біз ақшалай жәрдем бере алмаймыз, дегенмен қандай қарыз екенін сұрадым. Iphone 15 Pro max 1Tb жады бар смартфонды несиеге алыпты. «1Tb неге керек еді?» десем, соны «асығыстық қылып алып қойдым» дейді. Айтпағым, көрсеқызарлық – ысырапшылдықтың басы. Осы жерде бәрінің киімі көп. Киім жетпей жатқан біреу бар ма? Қайтыс болған адамның киімін ілетін салт бар. 90-жылдары ілетін артық камзолы болмаған әжелеріміз өмірден өтті. Олардың шамасы жетпеді емес, жетті. Бірақ атадан көрген, анадан көрген ұлы тәрбиеден аспады. Бір камзолмен жүріп бала-шағаны жеткізді, оқытты-тоқытты. Сондықтан балаға «жемесең лақтыра сал, кимесең тастай сал» деу — қазіргінің қасіреті, — дейді Нұрлан Асанов.
Бала тәрбиелегенде ата-ана байқамай зорлық-зомбылық көрсетуі мүмкін. ЮНИСЕФ жасаған сауалнамаға қатысқан респонденттердің 65%-і баланы тәрбиелеймін деп эмоциялық зорлық-зомбылық жасайды екен. Сондай-ақ, еліміздегі ата-аналардың 39%-і баласын ұрысп-соғады, эмоциялық зорлық-зомбылық көрсеткіші — 37%. Мұндай деректі педагог-психолог Мадина Сулиева айтты. Маман зорлық-зомбылықтың төрт түріне тоқталып, баламен қарым-қатынас жасағанда зорлық қалай анықталатынын айтты.
Зорлық-зомбылықтың төрт түрі бар: дене, сексуалдық, эмоциялық, және немқұрайлық. 2023 жылғы зерттеу бойынша, Қазақстан аумағында кәмелет жасқа толмағандарға жасалған қылмыс саны – 227. Қылмыс саны бойынша бірінші орында Алматы облысы – 25 қылмыс, екінші орында 23 қылмыс тіркелген Алматы қаласы тұр. 19 қылмыс тіркелген Түркістан облысы үшінші орынға жайғасқан. Қылмыс түріне қарай бірінші орында тұрғаны – сексуалды зорлық-зомбылық. Әдетте сексуалды зорлық-зомбылықты балаларға бөтен адамдар жасайды деген миф бар. Тәжірибемдегі алғашқы жылдан-ақ туысқаны, көршісі зорлаған қыздарды көріп келемін, — деді Мадина Сулиева.
Маманның айтуынша, елімізде әр үшінші ата-ана соққы, қару, қысым мен шектеу, жарақат арқылы балаға дене зорлығын көрсетеді. Сөзбен қорлау, кемсіту, оқшаулау, манипуляция жасау — эмоциялық зорлық. Немқұрайлық – біз ескермейтін зорлық-зомбылықтың түрі. Бұл – баланың ата-ана қарауынсыз қалуы. Ол баланың гигиенасы нашарлауынан, жуынбағанынан, тырнағын алмағаннан, киімінің таза болмауынан байқалады. Ата-анасы немқұрайлы қарайтын баланың эмоциясы тұрақсыз болады. Өзіне назар аударту үшін түрлі бұзықтық жасайды, кез келген ортада келіп құшақтап алуы мүмкін.
Іс-шарада вандализм мәселесі де көтерілді. Көшедегі ескерткіш, қоғамға ортақ мүлік, мектептегі қабырғаны бүлдіріп кету – вандализм. Балалар мен жасөспірімдердің мұндай бұзалыққа баруына не себеп? Үйдегі қандай қарым-қатынас баланың бұзықылыққа баруына қалай әсер етеді? Бұл туралы балалар психологы Мөлдір Тоғжанова айтып берді.
Бір сөзбен айтқанда, вандализм – бұзақылық. Вандализмнің әртүрлі себебі бар. Соның бірі — бала өзін көрсеткісі келетіні. Баланың шашын түрлі түске бояуы, әртүрлі киім киюі — еркіндігін көрсеткені. Мысалы, 7 жастағы Омардың арманы көлік алу екен. Неге көлік алғың келеді десем, сол көліккке мініп мектебіне, достарының алдына барғысы келеді. Қалай ойлайсыздар, баланың мақсаты көлік алу ма, әлде басқа нәрсе ме? Әрине, бірінші кезекте мақтану, өзіне назар аударту. Бала базалық қажеттік жетпегенде, ата-ананың ықыласына бөленбее, соның орнын толтыру жолын іздейді, — дейді Мөлдір Тоғжанова.
Сонымен ата-ана көңіл бөлмегеннен бала вандализмге де барады. Өйткені бұл эмоцияны шығарумен тікелей байланысты.
Әдетте, балаға «жылама, айқайлама, отыр» дейміз. Неге? Өйткені өзіміздің ішімізде негатив көп, басқаның эмоциясын көтере алмай кетеміз. Сондықтан ересек адам ретінде баланың проблемаларын, эмоцияларын қабылдауға және дұрыс бағыт беруге дайын болу керек, — дейді психолог.
Ресей және Еуропа арт-терапия одағы мен ҚР педагог-психологтар қауымдастығының мүшесі Жанайхан Мұстафа нашақорлықтың себебі психологияда жатыр дейді. Нашақорлық – адамның ішкі және сыртқы конфликтерден уақытша құтылуы үшін қолданатын құралы.
Есірткіні алғаш ұзақ уақыт қолданғаннан кейін адам өзін кінәлі сезінеді. Өйткені әр адамның ішкі даусы – ар-ожданы бар. Мұның арты қысымға ұласады. Қысымды басу үшін тағы нашақорлыққа барып өзінің «мен» ұғымын жоғалтады. Мәселеден қашу үшін есірткі дозасын арттырып, оғантәуелді болады, — дейді ол есірткіге тәуелді болудың туындауы жайында.
Форумнан кейін ата-аналар спикерлерге алаңдатқан бірер сұрақ қойды. Ең маңызды сұрақтар мен жауабын жазғанды жөн көрдік.
Ата-ана: Бала тіл алмаса, оған ұрысуға болмаса, не істеуіміз керек?
Жанайхан Мұстафа: Әр үйде ата-ана мен бала арасында ереже болуы керек. Қатал болсаңыз, әділ болыңыз, мейірімді болыңыз, қамқор болыңыз. Мәселен, сабағы нашарлап кетсе, қатал болмау керек деп отыруға болмайды. Түсіндіріп айтыңыз, қатал болыңыз. Бірақ содан соң мейірім көрсетіңіз.
Көпбалалы ата-ана: Төрт жыл бұрын төртінші баламыз дүниеге келді. Қазір ол балабақшада ұлмен де, қызбен де төбелесе береді. Бірақ үлкендерімізді қалай тәрбиелесек, ол баланы да солай тәрбиелеген едік.
Мөлдір Тоқжанова: Үлкен баланың екінші балаға қарағанда жуас, баяу екенін жиі байқаймыз. Мойындау керек, төртінші балаға еркіндік көбірек беріледі. Бірінші, екінші баланы дүниеге әкелген кезеңде ата-ананың өзі адаптациядан өтеді. Маңыздысы – баланың дұрыс пен бұрысты айыра алуы және ата-ананың үлгі бола білуі. Бұзықтықтың бәрі дұрыс емес деген нәрсе жоқ.
Жазира Бекболат