Абуали Өмірәлі
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Абуали Өмірәлі — жас режиссер әрі продюсер. Қазір командасымен бірге Huawei, Exeed, Tumi сияқты халықаралық ірі брендтердің ролигін түсіріп жүр. Әуел баста бәрі Абуалидің телефонға видео түсіруді үйреніп, мобилограф болғанынан басталған. Кейін мобилаграфия бойынша көптеген студентке сабақ өткен. Енді шетелдер ролик түсіру үшін шақыратын таптырмас режиссерға айналды.
Елімізге шетелден білікті маман шақыру дәстүрге айналып кеткендей еді. Ал қазір өз мамандарымызды шетелдегі компаниялар аттай қалап алдырып жатыр. Абуалиден ірі брендтермен жұмыс істеуге қалай қол жеткізгенін сұрап білдік.

Сауд Арабиясында дрон ұшырған алғашқы продакшн

Абуали Өмірәлі 2020 жылдан бері Huawei Kazakhstan компаниясымен жұмыс істеп келеді. Роликтерін түсіреді, түрлі әлеуметтік желіге арналған жарнама видеоларының сценариін жазады. Ал биыл Қытайдағы Huawei-дің өзінен тапсырыс алып, жұмыс істеп жүр.

Абуали 2024 жылы Сауд Арабиясында RecOne деген продакшн ашқан. Өзі 2023 жылдан бастап қажылыққа апаратын компаниялармен жұмыс істей бастаған. Сондай компанияның біріне арнап Мекке қаласында ролик түсіруді қолға алған. Негізі бұл елде дрон ұшыруға болмайды. Алайда Абуали мен командасы қалаға дрон кіргізуге рұқсат алыпты. Сөйтіп Сауд Арабиясында дрон ұшырып, контент жасаған алғашқы видеографтар болды.

Абуали Өмірәлі
Фото жеке архивінен

Қажылыққа апаратын компанияның проморолигін, оған қоса барлық фото-видеосын біз түсірдік. Содан кейін Қазақстаннан өзім білетін мобилографтарды жиып, осы қалаларда қажылыққа әкелетін компанияларға неге қызмет көрсетпеске деп ойладым. Сөйтіп, продакшнды да осы қалада жақсылап дамытар едік, — дейді Абуали.

Қазір Сауд Арабиясы туризмге, маркетиңге көп қаржы бөле бастады. Бірақ нарық бос, әзірше бәсекелестер жоқ. Абуали командасымен Жидда, Мекке, Медине қалаларындағы компанияларға, қонақүйлерге видео түсіріп жүр.

Қонақүйлерге кірсек, қонақты тартатын дұрыс видеолары жоқ екен. Оларды түсінуге болады. Осы уаққа дейін туристерге жабық қала болды. Адамдар бұл елдің тек Меккесі мен Мединесін білетін. Болашақта Сауд Арабиясы Дубай сияқты туризм орталығына айналғалы тұр. Сол үшін осы қалада продакшн ашқан алғашқылардың қатарында болғым келді, — дейді өзі.

Оның әлеуметтік желідегі аккаунтынан түсірген видеоларын көрген бір танысы Exeed брендімен жұмыс істеуге шақырған. Exeed — автомобиль шығаратын Қытай компаниясы. Биыл бренд Сауд Арабиясында да ашылған. Енді Абуалидің продакшны қытай брендінің Сауд Арабиясындағы барлық ролигін түсіреді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Abuali Omirali (@abualiomirali)

Бір бренд басқа елде ашылып жатса, оның промосын жасау үшін тура сол елден видео түсіру керек. Сонда ғана адамдар өзінің елінде, қаласында жаңа бренд ашылып жатқанын біледі. Содан Абуали шілде айында компаниямен келісімшартқа отырған. Қазір компаниямен жұмыс істеп жүр.

Бәрі жапон компаниясымен жұмыс істеуден басталған

Абуали 2023 жылға дейін видеограф Қыран Талапбекпен серіктес болған. Бірге жапон корпарациясының Қазақстан Lexus компаниясымен екі жылдай жұмыс істеген. Одан кейін әлемдегі барлық Lexus дилерлерінің басы Discovery Lexus компаниясымен келісімшартқа отырып, онымен де екі жыл жұмыс істеген.

Discovery Lexus-тың видеоларын Милан қаласында түсіріп жүрдік. Жыл сайын компанияның жаңа моделі шығады. Оларды Италияда көпшілікке таныстыратын апталығы өтеді. Автокөліктің проморолигін, жалпы видеосын түсіру осы кездерден басталған, — дейді Абуали.

Режиссер Tumi деген брендпен де жұмыс істеген. Tumi — бизнес пен саяхатқа арналған сапасы жоғары өнім шығаратын америкалық компания.

Абуали Өмірәлі
Фото жеке архивінен

Осы компаниямен жұмыс істеп жүргенде продюсерлік қырым ашылды. Қазір продакшнның продюсері де, режиссеры да — өзім. Продюсер — компаниямен келісімшарт жасайтын, былайша айтақанда, командасына нан тауып беретін маман. Мұндай адамға коммуникация қабілеті өте қажет. Tumi-дің Қазақстандағы басшысымен танысып, келісімшарт жасауға қол жеткіздік, — дейді өзі.

Абуалидің айтуынша, бір компаниямен келісімшарт ұзақтығы — бір жыл. Алайда жыл сайын келісімшартты ұзартып, жұмысты жалғастыра береді. Бір жыл ішінде компанияның түрлі іс-шарасының видеосын, Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желідегі аккаунттарына, YouTube каналына шығатын роликтерді Абуалидің продакшны түсіріп отырады. Команданың шетелдерге барып-келу шығынын компаниялар төлейді.

«Әлемдік брендтер бізді таңдап жатқан себебі — айтқан сөзде тұрамыз»

Шетелде, әдетте, бір ролик түсіру үшін продакшнға хабарласады. Ал біздің елімізде видео индустриясы аса дамып кеткен. Тапсырыс беретіндер бір продакшнға байланып отырмайды. Кез келген мықты мобилографқа ұсыныс айтып, сапалы видео түсіріп ала береді.

Командамда төрт-бес қана маман бар. Дегенмен оларды RecOne продакшнның штаттағы адамы деп айта алмаймын. Қазір Instagram жақсы дамығандықтан, продакшндағы әр маман жеке брендін жүргізіп, жеке тапсырыс ала береді. Тек продакшнның видеосын түсіресің деп шектемеймін. Дегенмен Астанада офисіміз бар. Сценарий жазып, видео талқылау үшін жинала қаламыз, — дейді өзі.

Абуали Өмірәлі
Фото жеке архивінен

RecOne продакшнының бас продюсері — Абуали, одан кейін режиссер, оператор және линиялық продюсер мамандар бар. Команданың әр мүшесі ағылшынша біледі, тіл білу халықаралық брендтермен жұмыс істеуге көмектеседі. Абуали Қытайда оқығандықтан, қытайша да сөйлейді. Бұл Қытай брендтерімен жұмыс істеуге септігін тигізіп жүр екен.

Дубайда жүріп мынаны байқадым. Басқа елдің видеографтары камерамен түсіре алмай жатқанды біз телефонмен түсіріп тастайтынбыз. Жалпы, қазақтар бірнәрсені тез қағып алады. Тек еріншек екеніміз бар, сол болмаса, шаруаны төңкеріп тастар едік деп ойлаймын. Әлемдік брендтер бізді таңдап жатқан себебі — жұмысымыз оларға ұнайды әрі коммуникацияға бейімбіз, содан кейін айтқан сөзде тұрамыз, — дейді жас продюсер.

«Билеп бір айда табатын ақшаны мобилограф болып екі-үш күнде табатын едім»

Абуали Қызылордада туып-өскен. Сондағы Nazarbayev мектебін бітірген. Астанадағы Гумилев атындағы ЕҰУ-дың шығыстану мамандығын оқыған. Дегенмен 2019 жылдан бастап видео түсіруге қызығыпты. Онысын ағасы байқап, жаңа телефон сыйлаған.

Негізі студент кезде  биші болғам. Университетте сахнада билегенімізді видеографтар түсіретін, ал олардың видеосы маған ұнамайтын еді. Кейін өзім видео түсіре бастадым. Бірақ кадрларды қоса алмайтынмын. Ол кезде Capcut сияқты қолданбалар жоқ. Телефонымның өз қолданбалары болатын, соны байқап көрейін деп әуелі екі кадр, сосын үш-төрт кадр қосып, өзімше монтаж үйрендім, — дейді режиссер.

Абуали бір биші құрбысын өзі түсіріп көреді. Түсірген видеосы Instagram-ды «жарып», басқа бишілер де қолқа сала бастаған. Әуелде бәрін видеоға тегін түсіріп бере беретін. Кейін құнын белгілеген — 5 мың теңге. Ол кезде студент, университеттің соңғы курсында оқитын.

Билеп бір айда табатын ақшаны мобилограф болып екі-үш күнде табатын болдым. Бір концертте жеті-сегіз музыкаға билегеніміз үшін 50 мың теңге беретін. Бірақ сол билерді қою үшін айлап дайындаламыз. Ал видео түсіріп, күнінен 20-30 мың теңге табатын едім. Видеоларым желіде тарап, тапсырыс көбейді. Жалпы, мобилографияны «күніге аз-аздан» деген принципті ұстанып үйрендім. Әлеуметтік желідегі видеоларым арқылы еліміздегі әйгілі фотограф Мирас Баяновпен таныстым. Кейін Дубайға барып бірге жұмыс істедік, — дейді ол.

Абуали түсіріп жүрген видеоларды Қыран Талапбек көріп командасына шақырған. Ол кезде Қыран «Мобилграфия 5» деген курсын жүргізгелі жатқан еді. Бұл курста Абуали студенттерге бар білгенін жазып берген. Қыран Талапбекпен серіктес бола жүріп, «Мобилграфия 5, 6, 7» сабақтарында спикер болып, студенттерге видео түсірудің қыр-сырын үйреткен.

Абуали Өмірәлі
Фото жеке архивінен

«Драма түсіргім келеді»

Жас режиссердан «Фильм түсіргіңіз келе ме?» деп сұрадық. Оның айтуынша, Қазақстанда фильм түсіру пайда әкелмейді. Пайда көру үшін комедия түсіру керек.

Елімізде бір фильмге 100 млн теңге керек. Оны ақтау үшін, одан пайда табу үшін драма түсірмейтініміз анық. Сондықтан қазір фильм түсірем десем, тек ақша үшін түсірер едім. Ал бұл дұрыс емес. Фильмге қаржылай толып-жетіліп, тек шығармашылыққа көңіл бөлгенде кірісемін. Түсіргім келетін кино комедия емес, драма жанры болса деймін. Еліміздегі бас проблемалар — ажырасу, пара беру. Менің фильмімді көріп бір отбасы болса да, ажырасудан айнып қалса, ниетіме жетер едім, — дейді Абуали.

Режиссердың мақсаты — шетелде жұмыс істеп, сырттан көріп, үйренген тәжірибесін Қазақстанға келіп жүзеге асыру. Кіндік қаны тамып, туып-өскен жеріне оралып, қызмет еткісі келеді. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді.

Фото Абуали Өмірәлінің жеке архивінен