Алматы–Жидда бағыты бойынша тікелей әуе рейсі ашылады

Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Қазақстан мен Сауд Арабиясы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының алтыншы отырысына қатысты.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Пленарлық отырыста Ержан Еркінбаев елдер арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың кеңейгенін атап өтті. Мәселен, келесі жылдан бастап Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында аптасына екі рет рейстерді орындайтын Алматы-Жидда бағыты бойынша тікелей әуе қатынасы ашылады. 

Біз – жергілікті БАҚ өкілдері, инфлюенсерлер және Сауд Арабиясының туристік компаниялары үшін еліміздің туристік әлеуетін көрсету мақсатында ақпараттық тур ұйымдастыруды ұсындық. Бұл – Сауд Арабиясының азаматтарына Қазақстан табиғатының көркем пейзаждарын өз көзімен көруге мүмкіндік береді, — деді Ержан Еркінбаев.