Басты бетЖаңалықтарЖоғарғы сот:...

Жоғарғы сот: 2 жылда интернет-алаяқтық істерінің саны 270%-ке өсті

Биыл 2022 жылмен салыстырғанда интернет-алаяқтыққа қатысты азаматтық істер 270%-тен астам өскен. Бұл туралы жоғарғы сот халықаралық кеңесінің отырысында айтылды.

Судьялар қылмыстық кодексте интернет-алаяқтық құрбандарының мүдделерін қорғауға қатысты тиісті бап болмағанымен, жәбірленушілерді қорғаудың азаматтық-құқықтық әдістері бар екенін атап өтті.

Азаматтық істер бойынша соттарға талап арыздардың екі санаты беріледі: «дропперлерден» қаржыны өндіру туралы және азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарсы талаптары, — делінген хабарламада.

Жиынға қатысушылар электронды төлем құралдарын пайдалана отырып несие беру саласындағы жауапкершілікті арттыру арқылы қылмыстық заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.

Сонымен қатар заңнамаға онлайн несие беру кезінде міндетті биометриялық аутентификация және зейнеткерлер мен халықтың осал топтары үшін шектеулер енгізу туралы түзетулер ұсынылып отыр.

Несиенің клиенттің қатысуынсыз алаяқтық жолмен берілгені сот актісімен анықталған кезде несиелік ұйымдар қарызды есептен шығаруға міндеттеледі, бұл жағдайды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл норма несиелік ұйымдарды берілген несиелердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға ынталандыруға тиіс, — деп жазылған хабарламада.

Халықаралық кеңес әзірлеген ұсынымдар уәкілетті органдарға жіберіледі.