Басты бетЖаңалықтарЕрболат Досаев...

Ерболат Досаев «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жаяу жүргіншілер аймағын салу жұмыстарымен танысты

Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында және Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында салынған балалар және спорт алаңдары бар жаяу жүргіншілер аймағының құрылысымен танысты.

Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Наурызбай ауданының негізгі жобаларының бірі — Шұғыла шағын ауданының 10 мың тұрғыны үшін демалатын орынға айналатын жаяу жүргіншілер аймағын салу.

Біз бұл жобаны өзіміз ұсындық. Міне, бүгін біз оны жүзеге асырудың қалай жүріп жатқанын көреміз. Біздің үйлердің тұрғындары үшін бұл үлкен оқиға болады. Әр кеш сайын көңілді серуен құратын боламыз, — деп атап өтті осы ауданда тұратын әйел.

Қоғамдық кеңістікке ұзындығы 350 метрлік жаяу серуендеу алаңы, балалар ойнайтын, сонымен қатар, баскетбол, воркаут алаңдары және амфитеатр кіреді. Бүкіл аумақта көше жиһаздары мен шағын сәулет пішіндерін орналастыру, сонымен бірге автоматтандырылған суару жүйесін және көше жарықтандыру бағаналарын орнату жоспарланып жатыр. Қазіргі уақытта ағаштар, бұталар отырғызылды, газон жасалды.

тұрғын үй
Фото: Алматы әкімдігі

Абаттандыру жобасының іске асырылу барысымен танысқан Ерболат Досаев оны ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін аяқтауды, бар кемшіліктерді жоюды, жарықтандыру жүйесін қосуды тапсырды.

Шағын аудан тұрғындары әкімге ересектер мен балалардың демалуына қолайлы жағдайлар, жайлы жаяу серуендеу аймағы үшін алғыстарын білдірді. Олардың өтініші бойынша жаяу жүргіншілер аймағының бойында видеобақылау камералары орнатылады.

Қала басшысы Алматыда жайлы қалалық ортаны құру бойынша белсенді жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Өкінішке орай, жеке саябақ аймағын жасауға мүмкіндігіміз жоқ қалада біз жаяу жүргіншілер аллеясының жобаларын қолданамыз. Қаланың барлық аудандарында осындай тартылыс аймақтары пайда болады. Елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл — күй сыйлау үшін оларды жаңа жылға безендіреміз, — деді Ерболат Досаев.

Ағымдағы жылы Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасына 18,8 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 миллиард теңгеге артық. Қала тұрғындары аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, спорт және ойын алаңдарын құру бойынша 364 жобаны ұсынуға және іске асыруға мүмкіндік алды.