Бүгін түнде ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері қар құрсауында қалған төрт адамды құтқарды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Абай ауылына жақын маңайда екі ер адам ауа райының қолайсыздығына қарамастан мал тексеруге кетіп, қарда тұрып қалған.
Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар қар құрсауында тұрып қалған жеңіл автокөлікті эвакуациялап, адамдарды құтқарды. Осы сапардан қайтар жолда құтқарушылар қарда тұрып қалған, ішінде екі адамы бар жеңіл автокөлікті көріп, оларды да эвакуациялап, құтқарды. Азаматтар тұрғылықты жеріне жеткізілді. Ешкім медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ, — делінген хабарламада.
Ақтөбеде төтенше жағдайлар саласының кезекшілік нөміріне ауа райының қолайсыздығына қарамастан мал жаюға шығып, байланысқа шықпай қалған 1959 жылы туған ер адамның жоғалғаны туралы хабар түсті.
Іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде облыс орталығының Құршысай тұрғын алабынан сегіз шақырым жерде құтқарушылар боран салдарынан бағдарынан айырылған адамды тапты. Оған медициналық көмек қажет болмады.