Қарағандыда мал ұрлығына қарсы қойылған бекетте ұрланған жылқылар анықталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
2 қараша күні таңғы сағат 04:00 шамасында Қарағанды қаласына кіре берісте орналасқан мал ұрлығына қарсы бекетте тұрған полиция қызмектерлері 57 жастағы азамат айдаған КамАЗ автокөлігін тоқтатқан. Көлік ішінде жүргізушімен қоса 57 жастағы азамат және оның 29 жастағы ұлы болған. Көліктен 40 бас жылқы анықталған. Жүргізушінің айтуынша, жылқылар жанындағы 57 жастағы жолаушыныкі. Алайда тексерген кезінде жылқылардың сол азаматқа тиесілі екенін дәлелдейтін құжаттар болмай шыққан. Олар жылқыларды Ақтоғай ауданына қарасты қыстақтардың бірінен қалаға сатуға әкеле жатқаны анықталды.
Жылқылардың нақты кімге тиесілі екенін анықтау үшін көлік полиция бөліміне жеткізілді. Криминалдық полиция қызметкерлері жылқыларды суретке түсіріп, Ақтоғай аудандық полиция бөліміне жолдап, кейін олар ауыл тұрғындары отыратын WhatsApp чатқа таратқан. Онда таратылған фотолардың нәтижесінде аудан тұрғындарының жылқысын бағатын бақташы өзін екі жылқысын таныған, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта барлық жылқы Үштөбе ауылындағы үйлердің бірінің қорасына қамалған. Ол жерге полиция қызметкерлері күзет қойған.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары қылмыстық істің негізінде басқа да жәбірленушілерді және қылмысқа қатысты тұлғаларды анықтап жатыр.