ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Кезби» ЖШС атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қатысты ҚК 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы («аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.
Ержан Кезбаев компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ бөлген 321 млн теңгені жымқырған және 1,5 млрд теңгеге жуық сомаға салық төлеуден жалтарған деген күдікке ілінген.
2021 жылы «Кезби» ЖШС «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен бригада үшін сағатына 65 мың теңгеге қызмет көрсету шарттарын жасасқан. Кейіннен еңбекақы мен медициналық жәрдемақы өскендіктен, жұмысшылар үшін әлеуметтік пакетті жақсарту үшін қызмет бағасы бригада үшін сағатына 87 мың теңгеге дейін ұлғайтылған.
Алайда, қаражаттың едәуір бөлігін, атап айтқанда 321 млн теңгені компания басшысы қызметкерлер үшін әлеуметтік жағдайларды жұмсамай жымқырған. 2024 жылғы 3 қарашада күдікті Ержан Кезбаев ұсталды, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қылмыстың мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүріп жатыр. Қалған ақпарат ҚР ҚПК 201-бабы бойынша, жарияланбайды.