Басты бетЖаңалықтарМемлекет басшысы...

Мемлекет басшысы Франция елшісі Сильван Гиогені қабылдады

Мемлекет басшысы Франция елшісі Сильван Гиогені қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция елшісін жаңа қызметімен құттықтап, оның дипломатиялық миссиясы екіжақты қатынастардың өте белсенді даму кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Франциямен арадағы ынтымақтастықты жан-жақты тереңдетуге ниетті екенін жеткізіп, елші Сильван Гиогенің жауапты қызметіне табыс тіледі.

Кездесуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Франция Республикасына жасайтын мемлекеттік сапарының жай-жапсары талқыланды.

Президент аталған сапар Астана мен Париж арасындағы байланыстардың келешегін айқындап, қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің нығаюына тың серпін беретініне сенім білдірді.