Бүгінгі таңда елімізде адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинамен 11-13 жас аралығындағы 54,5 мыңнан астам қыз егілді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлап отыр.
Қазан айының басынан бастап республикада әр жерде жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы 11 жастағы қыздарға вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 12 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарға арналған толтыру иммундауы жүргізіліп жатыр.
Өңірлердің арасында АПВ-ға қарсы вакцинациялау бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр, онда 11,1 мыңнан астам қыз егілді, Шымкент қаласында 5,3 мыңнан астам оқушы, Қарағанды облысында 4,3 мыңнан астам, Жамбыл облысында 4 мыңнан астам, Астанада 3,7 мыңнан астам қыз вакцинацияланды, — делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, вакцинацияланғандардың арасында иммундаудан кейін кері әсер берген жағдайлар тіркелген жоқ.
АПВ-ға қарсы профилактикалық вакцинациялау жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық аурулардың дамуына жол бермейді.