Басты бетЖаңалықтарИспаниядағы су...

Испаниядағы су тасқынынан қаза болғандар саны 158 адамға жетті

Испанияда нөсер жаңбыр салдарынан болған су тасқынынан қаза болғандар саны 158-ге жетті. Бұл туралы елдің төтенше жағдайлар қызметі хабарлап отыр.

Бір ғана Валенсия автономиялық қауымдастығында сейсенбі күні кештен сәрсенбіге дейін аймақта болған су тасқыны кем дегенде 155 адамның өмірін қиды.

Әлеуметтік желідегі X жазбасында Валенсияның төтенше жағдайларды үйлестіру орталығы құтқарушылар зардап шеккендерді іздеуді және анықтауды жалғастырып жатқанын айтты.

Испания премьер-министрі Педро Санчес бейсенбі күні Валенсиядағы үйлестірілген және біріктірілген операциялар орталығына барып, қатты жаңбыр мен су тасқынына себеп болған төтенше ауа райы жағдайы «әлі де қауіп төндіріп тұрғанын» ескертті.

Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнте нөсер жаңбырдан екі туннель опырылып, пойыз жолдарын зақымдағаннан кейін Валенсия мен Мадрид арасындағы жүрдек пойыз қатынасы кем дегенде екі аптаға тоқтатылатынын мәлімдеді.