Басты бетЖаңалықтарБиыл Алматыда...

Биыл Алматыда 30 мыңнан астам шам ауыстырылды

2024 жылы Алматыда магистральді көшелерде 45 километр сыртқы жарықтандыру желілері жөнделді. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жұмыс барысында зақымданған желілер қалпына келтірілді, күйіп кеткен шамдар ауыстырылды, жаңа кабель тартылды. Тек қазан айында Достық, Рысқұлов және әл-Фараби даңғылдарында, Керей-Жәнібек хандар, Бұқтырма және Майлин көшелерінде, сонымен қатар Шығыс айналма автомобиль жолында (ШААЖ) 700-ден астам жұмыс істемейтін шам ауыстырылды, — делінген хабарламада.

Осы уақытта әл-Фараби даңғылының Розыбакиев, Жароков, Дулати, Сейфуллин, Назарбаев, Достық көшелері және ШААЖ қиылысындағы автомобиль тоннельдері мен көпірлер толық жарықтандырылды. Бұл учаскелерде 220 ескі шам, оның ішінде күйіп кеткендері, жаңа светодиодты прожекторларға ауыстырылды.

«Алматы Қала Жарық» бас инженері Әлмұхамед Жалпақов алматылықтарды сапалы сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз ету жұмыстары тек магистральді көшелерде емес, қаланың барлық жерінде жүргізілуде екендігін атап өтті. Оның айтуынша, көшелердің категориясына қарамастан, жөндеу бригадалары барлық түскен шақыруларға бірдей жылдамдықпен жауап береді.

Мысалы, жақында Жетісу ауданындағы Кокжиек ықшам ауданында 120 шам, Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесінде 90 шам, Алатау ауданында Досманов көшесінде 80 жаңа шам орнатылды, — деді Әлмұхамед Жалпақов.

Жалпы, жылдың басынан бері Алматыда 30 мыңнан астам шам ауыстырылып, 300 км-ден астам кабель тартылды. Қаланың көшелері маңызына қарай үш категорияға бөлінеді. «А» категориясына қалааралық маңызы бар магистральді жолдар мен көшелер (даңғылдар) және олардың бойындағы жаяу жүргіншілер аймақтары жатады. Бұларға Құлжа және Іле тасжолдары, ШААЖ, әл-Фараби, Рысқұлов, Абай, Достық, Назарбаев, Сейфуллин, Абылай хан, Сүйінбай, Майлин, Сайын, Тимирязев, Бұқтырма көшелері және басқалары кіреді.

«Б» категориясына жүк қозғалысына арналған жолдар мен аудандық маңызы бар көшелер жатады. Бұл тізімге Қабанбай батыр, Әуезов, Қонаев, Қалдаяқов, Гагарин, Розыбакиев, Шаляпин, Халиуллин, Мақатаев, Байтұрсынов, Мұстафин, Дулати, Момышұлы және тағы басқа көшелер мен даңғылдар кіреді. «В» категориясына жергілікті маңызы бар жолдар мен көшелер, аулалық аумақтар мен ішкі аулалық өтпелер, саябақтар мен бақ объектілері жатады. Құрылыс нормалары әр категориядағы көшелер үшін жарықтандырудың белгілі көрсеткіштерін қарастырады. Мысалы, «А» категориясындағы объектілерде 15-20 люкс, «Б» категориясында 10-15 люкс, «В» категориясында 5-10 люкс болуы тиіс. АҚЖ осы нормалардың қалада сақталуын қатаң бақылауда ұстайды, — делінген хабарламада.