Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Каспий теңізінің жағасынан 150-ден астам итбалықтың өлексесі табылды. Өлген жануарлардың суретін жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев жариялап отыр.
Түпқараған ауданындағы Баутино ауылы маңынан жақында болған бораннан кейін, Қызыл кітапқа енген итбалықтардың жүздеген өлексесі жағалауға шығып кетті. Ғалымдар 151 итбалықтың өлексесін тапты, — деп жазған блогер.
Қазір осы аймақта итбалықтарды зерттеп жүрген ғалымдардың айтуынша (жануарлардың өлексесін тапқан) кейбір өлген итбалықтың денесіне механикалық зақым келген.
Итбалықтар неден қырылып қалғаны әзірше белгісіз.
Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, 51 итбалықтың өлексесі 24 қазанда, 100-ден астамының өлексесі 25-26 қазанда табылған. Олардың бәрі сараптама жасауға жіберілді.
Гидробиология және экология институты қызметкерлері токсикологиялық, гистологиялық және вирусологиялық талдау жүргізеді. Қазір оқиға орнында алты маман жұмыс істеп жатыр. Табылған итбалық өлекселері қатты ыдырап кеткен. Қазір жануарлар қалдығы жиылып жатыр, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, сондай-ақ балық инспекциясы бөлімі, аудандық ішкі істер бөлімі, ветеринарлық инспекция, Гидробиология және экология институты және «Қазақстан Балық» республикалық балық шаруашылығы қауымдастығы филиалы жұмыс істеп жатыр, — деп жауап берді облыс әкімінің баспасөз қызметі.