Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі Орал қаласының тұрғыны өзін баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты әрекетсіздікті айыптап, қала әкімі аппаратының үстінен шағым түсіргенін хабарлап отыр.
Ол әрекетін заңсыз деп танып, әкімдікке мемлекет қорынан пәтер беруге міндеттеуді талап етті.
Сот әйелдің 33 жылдан астам дәрігер болып жұмыс істегенін және жеке баспанасының жоқтығын анықтады. Кейінгі 15 жыл бойы ол қазір жалдау мерзімі біткен жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Бұған дейін тұрғын үй комиссиясының шешімімен дәрігерге мемлекеттік қордан қызметтік пәтер бөлінген. Алайда бүгінгі күнге дейін комиссия шешімі орындалған жоқ.
Сот отырысы барысында тараптар келісімге келді. Әкімдік әйелге 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін бір немесе екі бөлмелі пәтер беруге міндеттенді. Бұл шешім орындалмаса, сот әкімдікке 50 АЕК немесе 184 600 теңге көлемінде айыппұл салуы мүмкін.