Chia TaiPharmaceutical қаржы пирамидасының ұйымдастырушысының кінәсі анықталды. Бұл туралы БҚО прокуратурасы хабарлап отыр.
2022 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы сәуір айына дейін Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының тұрғыны Chia Tai Pharmaceutical қаржы пирамидасына қосылып, оның құрылымдық бөлімшесінде жетекші болған.
Ол фармацевтикалық зауытқа заңды инвестиция саламыз деген жалған атаумен салымшыларға жоғары кіріс алуға уәде беріп, заңсыз қаражат иемденген. Соның нәтижесінде, 185 жәбірленушіге жалпы сомасы 180 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген. Сотталушының қаржылық пирамиданы құру және басқару, сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған ақша мен басқа да мүлікті заңдастыру бойынша кінәсі толық дәлелденді, — делінген хабарламада.
Сот мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен келісе отырып, пирамида ұйымдастырушысына бес жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.