Халықаралық Lonely Planet журналы Қазақстанды жыл сайынғы Best in Travel 2025 рейтиңінде саяхаттауға арналған ең үздік елдердің бірі ретінде таныды.
Бұл туралы ҚР туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Журнал сарапшылары жыл сайын саяхатшылар, қызметкерлер, авторлар және туризм саласындағы басқа да мамандардың ұсыныстарына негізделген бағыттарды мұқият талдап, үздіктерді анықтайды. 2025 жылғы таңдау Қазақстанға түсіп отыр. Еліміз шетелдік сала сарапшыларын бай тарихымен, алуан түрлі табиғатымен және бірегей мәдени мұрасымен баурап алған.
Қазақстанның Lonely Planet секілді әлемдегі беделді басылымның Best in Travel 2025 рейтиңінде болуы – еліміздің туризміне әлем бойынша қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Елдің шынайы мәдениеті мен алуан түрлі табиғатын халықаралық деңгейде ілгерілетуді жалғастыра отырып, біз тұрақты туризм принциптерін ұстанамыз, — деді туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Әлемнің беделді басылымының тізіміне енген Қазақстан ежелгі дәстүр мен заманауи өмір тоғысқан ел ретінде сипатталған.
Lonely Planet басылымының мақаласында: «Қазақстан – тек саяхаттайтын ел емес, ашылуға тиіс әлем, сапарға шығуды қажет ететін және тарихтың бір бөлшегі болатын ел. Ежелгі Жібек жолының сыбдыры Қазақстан қалаларын қоршап тұрған шексіз далада да естіледі, — деп жазылған.