ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері Алматының Жетісу ауданында жалға алынған жеке үйлердің бірінде есірткі зертханасын жойды.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жалпы салмағы бір жарым килограмнан асатын «aльфа-pvp» синтетикалық психотроптық заты табылып, тәркіленді. Күдікті ұсталды. Одан салмағы 100 грамнан асатын «синтетика» тәркіленді. Ер адам есірткіні байланыссыз тәсілмен өткізбек болған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Полиция жыл басынан бері 52 есірткі зертханасын жойды. Заңсыз айналымнан жарты тонна «синтетика» тәркіленген, бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп.