Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Мұстафин кентінде мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен үш ер адам ұсталды.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлап отыр.
Жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері 26-35 жас аралығындағы күдіктілердің шаруа қожалықтарының бірінен «Гольштейн» тұқымды сиырды ұрлап кеткенін анықтады. Жәбірленуші келтірілген шығынды 1 миллион теңге деп бағалады.
Ұсталғандар өз кінәларын мойындап, ұрланған мал табылды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Полиция бөлімінің қызметкерлері осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қожалық иелеріне сақтық шараларын күшейтуді ұсынады.