Республика күніне арналған мерекелік және ресми іс-шаралар Алматының барлық сегіз ауданында өтеді. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Қаланың әр жерінде түрлі конкурстар, көрмелер, жәрмеңкелер және басқа да мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Әкімдіктің мәліметінше, 21-24 қазан аралығында мемлекеттік қуыршақ театрында «Аlmaty Рuppet Festival» II Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі өтеді. Қазақстан, Қытай, Польша, Чехия, Болгария, Грузия, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Ресейден келген әртістер көрермендерге үздік қуыршақ спектакльдерін ұсынады.
22 қазан күні сағат 16.00–де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Республика күніне арналған «Атамекен-айбыным» атты мерекелік концерт өтеді. Сахнада ҚР мәдениет қайраткері, дәстүрлі әндерді орындаушы Алма Аманжолова, эстрада әншісі Марал Анарбек, әнші Сандуғаш Стамғазиева өнер көрсетеді.
Сол күні сағат 18.00-де ҚР Жас суретшілер одағының мүшелері «Сағындырған әуендер ай» көрмесінде өздерінің картиналарын, графикалық және акварельдік жұмыстарын, мүсіндерін, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын ұсынады, ол Almaty Gallery-де өтеді. Онда камералық оркестрдің әртістері атақты классиктердің әйгілі әндерін орындайды. Оркестрмен бірге ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Джамиля Баспакова, сонымен қатар халықаралық конкурстардың лауреаттары Олег Татамиров, Дамир Сәдуақасов және Диана Самыкенова ән шырқайды.
23 қазан күні сағат 12.00-де Ықылас атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайында камералық оркестрдің қатысуымен «Ақ жауын» концерті ұйымдастырылады.
Осы уақытта Қазақ мемлекеттік циркінде «Пілдегі жолбарыс» қайырымдылық шоуы өтеді.Цирк қойылымына аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 1 700 бала шақырылады.
Негізгі салтанатты концерт 23 қазан күні сағат 15:00-де Республика сарайында өтеді. Іс-шараға аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі, A’Studio тобының негізін қалаушы, продюсер және композитор Байғали Серкебаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі домбырашы-күйші Асылбек Еңсепов және басқа да әртістер қатысады.
Сол күні кешке Гоголь мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы метрополитен алдындағы ашық алаңда қаланың би командалары арасындағы патриоттық элементтері бар Almaty Street Battle көрмесі өтеді.
24 қазан күні сағат 10.00–де Алматы музейінде «Тарихи дерек-елдігімнің бастауы» көрмесі өз жұмысын бастайды. Сағат 11.00-де Қазмемцирктің левадасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған иппотерапия-қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады.
Сағат 15.00-де Қазыбек би көшесінен Абай даңғылына дейін Достық даңғылында Қазақстанның мемлекеттік туларын көтеретін жас қазақстандықтардың қатысуымен патриоттар шеруі өтеді. Мерекелік колонна шеруі Республика Сарайының алдында Әнұранды орындаумен аяқталады.
Республика күні, 25 қазан күні сағат 11.00-де «Медеу» биік тау кешенінің мемлекеттік туды көтеру және Қазақстан Гимнін жаппай орындау салтанатты рәсімі өтеді. Іс-шараға қала жастары, қоғам қайраткерлері, Алматы мәслихатының депутаттары және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысады.
Сол күні сағат 11.00-де Нұрғиса Тілендиев мемориалдық мұражайында «Өз елім» мерекелік іс-шарасы өтеді.