2024 жылғы 18 қазанда Алматыда «Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алудағы діни бірлестіктердің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде Алматы қаласындағы діни бірлестіктердің басшылары тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін талқылады.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі талқыланған жиынға діни конфессиялардың көшбасшылары, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері, шетелден келген сарапшылар, дағдарыс орталықтарының қызметкерлері, мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алматыда діни бірлестіктер көшбасшыларының клубы табысты жұмыс істеп жатыр. Клубтың біздің қоғамды толғандыратын тақырыптардан тыс қалмайтыны қуантады. Клуб қызметі аясында өзекті мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп іздейміз. Бұл дөңгелек үстел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған, – дейді Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Нұрлан Қиқымов.
Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Нұрлан Қиқымовтың сөзіне қарағанда, бұл дөңгелек үстелдің бас мақсаты — адамдарды сүйіспеншілікке шақыру.
Біз осы жиынға Алматы қаласының діни ұйымдарының басшыларын жинадық. Осы дөңгелек үстелде отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін шешу жолдарын, әйелдер мен балаларға қалай көмек беруге болатынын талқыладық. Осы дөңгелек үстелде талқыланған мәселелер Алматы қаласының тұрғындарына жетеді деп білемін. Өйткені діни ұйымдардың басшылары осы тақырыпты өздерінің діни ғимаратында талқылайды. Негізгі мақсат – өсіп келе жатқан жасөспірімдерді де, үлкен азаматтарды да отбасындағы сүйіспеншілікке шақыру, – дейді ол.
Дөңгелек үстелге осы салада жүрген дін қызметкерлері ғана емес, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамдарға көмектесіп жүрген мамандар да, дінтану, саясаттану және мәдениеттану саласындағы жетекші сарапшылар да қатысты.
Дінтанушы Әл-Фараби Нұрбекұлы тұрмыстағы зорлық-зомбылықты өршітетін, әйелдер туралы таптаурын уағыздар айтатын молдаларға тоқталды.
Бұл жерде бірнеше проблема кездеседі. Біріншіден, әйелдер туралы таптаурын уағыз айтатын молдалар тікелей емес, әзілдеп айтуы мүмкін. Осы себепке байланысты анық факт болмайды. Ол молда «мен басқа нәрсе айттым» деп түсіндіруі мүмкін. Екіншіден, заң бойынша мемлекет діни бірлестіктердің ісіне кірісе алмайды. Мемлекет заң бұзылған жағдайда ғана іске араласа алады. Негізінен дін істері басқармасының тарапынан жұмыстар жүргізіледі. Әр өңірде дін саласына қатысты уәкілетті орган бар. Осы органға шағым түсірілсе, орган тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – дейді ол.
Дінтанушы Әл-Фараби Нұрбекұлының сөзіне қарағанда, діни бірлестіктер үгіт-насихат арқылы ғана тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алады.
Дін өкілдерінің негізгі құралы – үгіт-насихат. Дін қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын ғана жүргізіп, семинар ғана өткізе алады. Діни бірлестік қоғамдық бірлестік секілді. Олардың қандай да бір заңды күші жоқ. Бұл жерде мемлекеттің құзыреті кең. Зорлық-зомбылық туралы қандай да бір факт болған жағдайда мемлекет кірісіп, жазаға тарта алады. Ал діни бірлестік үгіт-насихат арқылы ғана зорлық-зомбылықты болдырмауға атсалысады. Кей діни бірлестік үйленгісі келетін жастарға ақыл-кеңес айтып, семинар өткізетінін білемін. Ол семинарда «Отбасы деген не?» «Қандай қиыншылықтар бар?» «Отбасылық өмірде қандай кризис болады?» деген сұрақтарға жауап іздеп, некелескісі келетін адамдарға түсіндіреді. Некелескісі келетін жандар осы сұрақтарға жауап тауып, түсінгенде ғана неке қиылады, – дейді дінтанушы.
Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Нұрлан Қиқымов зорлық-зомбылық жасаған діни қызметкерлер туралы айтты.
«Жаман халық жоқ, жаман адам бар» деген сөз бар. Имамдардың арасында да өз жұмысын дұрыс атқармайтын адамдар болатыны түсінікті. Бірақ мұндай жағдай қай жерде де кездеседі. Бұл нәрсе ұлтқа да, дінге де қарамайды. Заң бойынша дін істері басқармасы діни ұйымдардың жұмысына араласпайды. Бірақ фактілер белгілі болған жағдай тиісті профилактикалық жұмыс өткіземіз. Мысалы, жақында орталық мешіттің бір қызметкері өз әйеліне қысым жасаған. Ол қызметкер бірден жұмыстан шықты, – дейді ол.
Жиынға Испаниядан келген профессорлар Сантьяго Де Ласала Порта мен Николас Замбоана, үндістандық профессор Кришна Котра, америкалық Lyn Community үкіметтік емес ұйымының президенті Уэйд Кьюсак және MFNN өкілі Майка Фрииз да қатысты.