Қостанай облысының аумағына вейптерді, оған арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз әкелу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.
Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.
Қостанай тұрғыны өзі құрған Телеграм-арнасы арқылы Қазақстан Республикасының аумағына одан әрі тарату мақсатында вейптерді заңсыз әкелгені анықталды.
Вейптер Қазақстанға Ресей Федерациясынан әкелініп, әрі қарай курьерлер мен почта жөнелтілімдері арқылы бүкіл ел аумағында таратылған.
Электрон темекі өнімдерін алуға өтінімдер 100 000 теңгеден басталған. Елімізде айналымына тыйым салынған вейптерді өткізу фактілерін жасыру мақсатында төлем шетел азаматының банк картасына қабылданып отырған.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында құны 45 миллион теңге шамасындағы 7,5 мыңға жуық вейп табылып, тәркіленді.
Сот кінәліге пробациялық бақылауды белгілей отырып, бір жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.