Хизбут Тахрир діни ағымы – Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйымдардың бірі. Ұйымның тарихы, идеологиясы және қоғамға ықпалы туралы PhD, доцент Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Жоламан Бұланұлы айтып берді. Ол Baribar.kz тілшісіне Хизбут Тахрирдің мақсаты мен әрекеттері және олардың қоғамға төндіретін қаупі жайлы кеңінен баяндады.
Хизбут Тахрирдің құрылуы және негізін қалаушы
Жоламан Бұланұлының айтуынша, Хизбут Тахрир – 1953 жылы Құдыста теолог әрі қазы Мұхаммед Тақиюддин ән-Нәбханидің (1909-1977) жетекшілігімен саяси партия ретінде құрылған ислами көзқарасты жаңа қозғалыс. Партия немесе қозғалыс болғанда жай партия емес, халифат құруды, бүкіл мұсылмандарды сол халифаттың қол астына біріктіруді көздейтін панисламист қозғалыс болған.
«Алғашында Палестина сияқты мұсылман елдерде тәуелсіздік үшін күресуді мақсат етті де, кейіннен радикалды әрекеттерге көше бастады. Сондықтан көптеген елде Хизбут Тахрир ұйымына тыйым салынған. Соның ішінде Қазақстан және көптеген мұсылман елдері, тіпті Мысыр мен Сауд Арабиясы да бұл ұйымның жұмысын тежегісі келеді», – дейді дінтанушы.
Жоламан Бұланұлының зерттеулері бойынша, Мұхаммед Тақиюддин ән-Нәбхани қазіргі Израильдің Хайфа қаласына қарасты Изжим ауылында дүниеге келген. Ол жоғары білім ретінде Әл-Азһар университетін бітіріп, Палестинаның кейбір қаласында мұғалім және сот төрешісі болып жұмыс істеген. Ол жастайынан ағылшындар мен яһудилерге қарсы болған. Сол себепті ол алғашында Иззеддин Қассам (1882-1935) сияқты жолдастарымен бірге ихуанул-муслимин қозғалысының қатарында болып, сол қозғалыстың негізін салушы Хасан әл-Бәнна және Сәйид Құтбтың көзқарастары мен идеяларын құптаған. Бірақ Хасан әл-Бәннаның жетекшілігіндегі ихуанул-муслимин қозғалысы саясатқа көп араласпай жамағат/ұйым ретінде қызметін жалғастыруды және саяси партия ретінде әрекет етуді мақсат етпеген. Содан да Хизбут Тахрир ағымының жетекшісі кейін олардан бөлініп кетіп, жеке әрекет етуге көшкен. Бөлінудің бас себебі ислами жаңа қозғалыс ретінде саяси партия құру еді. Өйткені сионист яһудилердің жоспарлы әрекетінің арқасында және АҚШ қолдауының арқасында 1948 жылы Палестина аймағында қазіргі Израиль мемлекеті құрылған.
Мазхаб мәселесі және Хизбут Тахрир ағымы
Жоламан мырзаның айтуынша, Хизбут Тахрир ұйымы – негізінен саяси бағыттағы партия. Мақсаты – панисламизм, яғни ислам әлемін біріктіру. Дегенмен бұл ағымның бастауы негізінен салафизм мен уаххабизмнен шыққан. Ол уаххабизмнің таджариттік ағымдарына сәйкес келетінін айтады.
«Негізгі идеологиясы – фундаментализм: халифат құру, шариғат үкімдеріне негізделген мемлекет орнату. Жоғарыда айтқанымдай, бұл ұйымның мақсаты мен алға қойған міндеттері – мұсылман әлеміндегі билік басындағыларды төңкеріп, билікті алу. Олар мазхабқа негізделгендей көрінгенімен, іс жүзінде мазхабты мойындамайтыны байқалады. Біздің елімізде бұл ұйымға тыйым салынған», – дейді маман.
Тарихқа көз жүгірте отырып, Жоламан мырза Нәбханидің Палестинаны азат ету үшін саяси әрі ақыли әрекет жолына тоқталды. Нәбхани 1949 жылы ислами жаңа қозғалыс ретінде саяси партияның негізін ойластырып, «Палестинаны азат ету» деген ұрандар айта бастаған. «Палестинаны азат ету» деген тақырыппен мақала да жариялаған. Мақаласында исламның VІІ ғасырдан бері Палестина аймағына иелік етіп, үлкен рөл атқарғанын және кейін мұсылмандар отаршыл күштерге бас игендіктен, өз құдіретінен айырылып, артта қалғанын жазады. Осылай, өз идеяларын ұсынып, мақалалар жазып жүреді.
«1950 жылы Александрияда «Араб бірлігі» деген саммит өткен. Осы саммитте Нәбхани «Рисаләтул-араб» деген мақаласын ұсынған. Онда арабтардың нағыз міндеті ретінде исламды негізге алу керек екенін ерекше атап өткен. Сондай-ақ мұсылмандардың ақыл-пікір әрі саяси тұрғыда қайта оянуы, ислами сана арқылы орындалатынын баса айтып жүрген», – дейді дінтанушы.
Хизбут Тахрир ағымы Қазақстанға 1980 жылдары келе бастаған
Жоламан Бұланұлының айтуынша, Нәбханиден кейін Хизбут Тахрир партиясын Абдулқадим Зәллум (1924-2003) басқарады. Осылай, Хизбут Тахрир қозғалысына көптеген елде тыйым салынып, көпшілік ислам ғалымдары мақұлдамаса да, мұсылмандар арасында ағым тарала берген. Діни ағымның араб елдерінен басқа көптеген елде өкілдері пайда болып, бөлімшелері ашылған. Хизбут Тахрир өкілдері КСРО тарағаннан кейін тәуелсіздік алған Орта Азия елдеріне де келіп, өз насихаттары мен идеяларын таратуға тырысқан.
«Иерусалимнің шығысында құрылған бұл ұйым кейін Өзбекстан, Қазақстан сияқты елдерге 1980 жылдардың аяғында келе бастаған. 1990-2000 жылдар аралығында Хизбут Тахрир ұйымының белсенділігі айтарлықтай байқалды. Олардың мақсаты – дін таратамыз, дінді уағыздаймыз деген желеумен ізбасарларын жинау еді. Қазақстанда бұл ұйымды мүлдем жоқ деп айтуға келмес, бірақ тыйым салынғаннан кейін олардың әрекет ету алаңы айтарлықтай қысқарды. Бұл – ағым емес, ұйым. Ұйымның қызметі кез келген уақытта қайта жандануы мүмкін. Кез келген ағым өкілдерін ұйымдарына тартуы да ғажап емес. Бірақ Қазақстанда Хизбут Тахрир ұйымы, Астана қаласы сотының 2005 жылғы 28 наурыздағы шешімі бойынша экстремист ұйым ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған», – дейді оқытушы.
Қалыптасқан құндылықтарға қарсы күрес — Хизбут Тахрир ағымының басты критерийі
Жоламан мырзаның айтуынша, Хизбут Тахрир ұйымы әдіснама тұрғысынан Мұхаммед (с.ғ.с) өмірін үлгі тұтады. Олардың көзқарасы бойынша, қазіргі мұсылмандардың жағдайы Мекке кезеңіндегі мұсылмандардың жағдайына ұқсайды, яғни күпірлік аймағында жатыр. Өйткені ағым өкілдерінің ойынша, қазіргі мұсылмандар сол алғашқы мұсылмандар сияқты Алланың үкімімен емес, басқа үкімдермен басқарылып отыр.
«Мекке кезеңінде исламның таралуы үшін белгілі процесс болған және Алла Елшісі әр процесте әртүрлі әдіснама қолданған. Сондықтан қазір Хизбут Тахрир өкілдері Мекке кезеңіндегі сияқты процеспен әрекет ету керек деп есептейді», — деп айтып өтті дінтанушы.
Осылай, олар өз ретімен үш процеспен әрекет етуді көздейді:
- Адамдарды исламға жеке-жеке шақырып, исламды жеке-жеке түсіндіру, жеткізу.
- Барлық мұсылманға шақыру жасап, мұсылмандар үшін ең маңызды, ең құнды нәрсе ислам екенін түсіндіру және ислам жай ғана дін емес, өмірді реттейтін ұлы заңдылық/жүйе екенін сездіру.
- Ислами үкімдерді өмірде жүзеге асыратын және исламның шақыруын/заңдылықтарын әлемге паш ететін мемлекет құру. Осы процестер орындалу үшін Хизбут Тахрир ұйымы уағыз-насихат топтарын құру, мектептер мен мекемелерде уағыз-насихаттар, конференциялар ұйымдастыру және газет-журналдар жариялау сияқты қызметтер көрсетеді. Бұл мақсатта жарияланған журналдардың бірі – «әл-Хилафа».
Хизбут Тахрирдің негізгі құралдары мен әдістері
«Хизбут Тахрир өкілдері немесе солармен ортақ санадағы адамдар Қазақстанда жоқ емес, бірен-саран кездесуі мүмкін. Әрине, қоғам тыныштығын бұзатын мұндай деструктивті, радикалды кез келген ұйымға заң арқылы тыйым салу керек, олардың емін-еркін әрекет етуіне жол бермеу және қудалау дұрыс», – деп санайды Жоламан Бұланұлы.
Оқытушының айтуынша, мұндай заңдар басқа елдерде де бар. Ол – алдын алудың және жол бермеу шараларының бірі. Бірақ қазіргі ашық ақпарат, технология заманында барлығын тыйыммен толық реттеу қиын екені белгілі. Тыйымдар мен шектеулерді айналып өтетін жолдар көп. Сондықтан тек заңмен емес, түсіндіру жұмыстары және тағы басқа жолдармен де қорғануға болатынын айтады.
Жоламан мырза бұл ағымның негізгі құралы әдебиет екенін айтып отыр.
«Хизбут-Тахриршылар өз түсініктерін таратумен айналысады. Өз ағымына тарту үшін кейде қаражатпен немесе үй-жаймен қамтамасыз етеміз деген жағдайлар кездесуі мүмкін. Алайда бұл ұйымның таралу аймағы тарылып қалғандықтан, ондай әрекеттерді көп байқамаймыз», – дейді дінтанушы.
Хизбут Тахрирдің әлемдік саяси және әлеуметтік әсері
АҚШ-тан бастап, Ресей, Қытай, біздің аймақтағы елдер, Бангладеш, Индонезия, Түркия сияқты мемлекеттер оларды террористік ұйым деп қабылдаған. Тек Біріккен Араб Әмірлігі, Ливан және Йемен елдері ғана олай санамайды.
«Бұл ұйыммен күресудің жалғыз жолы – дәстүрлі, классикалық исламның сабақтарын ретті түрде түсіндіре білу, дұрыс оқыту. Ал әлеуметтік жағдайына келер болсақ, «жалпы қандай да бір діни радикализмге ұрынғандар мен түрлі ағымның жетегінде кеткендер қайтпайды, оңалмайды, олардың бәрін түрмеге тоғыту керек, жою керек» деген көзқарастарды кейде естіп қаламыз. Мұндай агрессив көзқарастар дұрыс емес және адам құқықтарына қайшы. Олар мүлдем қайтпайды, оңалмайды деп бекініп айтуға болмайды. Ол – үмітсіздік. Үмітсіздікке бой алдыру, оңалмайды деп қолды сілтеу шешім емес. Қандай жағдайда да олармен жан-жақты күрес жүргізіп, сынап көру керек. Әрине, ол оңай емес. Өйткені бұл – түсініктер мен идеологиялардың шайқасы», – дейді Жоламан Бұланұлы.
Дінтанушының айтуынша, дегенмен олардың арасында өз түсінігі мен идеологиясына және қабылдаған сеніміне берік, басқа ақпараттарға жабық, көзқарасына қатып, бекіп алғандар да бар.
Айжан Дайрабай