Оралда БҚО әкімі Нариман Төреғалиев өңірлік кадр резерві жеңімпаздарымен кездесу өткізді. Жылышырайлы жүздесуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және жұмыс өтілі үш жылдан кем емес жас кәсіби білікті мамандар қатысты.
Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Өңір басшысы кездесуге қатысушыларды өңірлік кадр резервіне қабылдануымен құттықтап, елдің әлеуметтік – экономикалық дамуына лайықты үлестерін қосуға шақырды.
Сіздерді мемлекетіміздің жарқын болашағы деп есептеуге болады. Алған білімдеріңіз, жастық жігерлеріңіз, көшбасшылық қабілеттеріңіз нақты мақсатқа жетуге көмектесетінде күмәнім жоқ. Осы қиындығы мен қызығы мол жолда біз сіздерді әрдайым қолдауға әзірміз, — деді Нариман Төреғалиев.
Кездесуге қатысқан ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов жас мамандардың мемлекеттік қызмет жүйесімен ықпалдасуының маңыздылығына айрықша тоқталды.
Өңірлік кадр резерві мүшелері – бұл маңызды мәселелерді жаңашылдықпен шешуге қабілетті болашақ көшбасшылар. Біз бірлесіп, көптеген күрделі проблемаларды шеше аламыз, — деді Мұрат Байсалов.
Кадр резерві мүшелері халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған өз ой-пікірлерін, идеялары мен жобаларын ортаға салды.