Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу үкіметтің басым міндеті болып қала береді. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Сондықтан өңірлер осы жұмысқа баса назар аударуға тиіс. Ол үшін қажет құралдардың бәрі бар. Нәтижесін көріп отырмыз – биыл қыркүйек айында инфляция 8,3%-ке дейін баяулады. Инфляция деңгейін бақылау мен төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау қажет. Әкімдіктер азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға тиіс, — деді Олжас Бектенов бүгінгі үкімет отырысында.
Үкімет басшысы отандық тауар өндірушілерді қолдау тұрақты негізде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Негізгі қорларды жаңартуға, номенклатураны ұлғайтуға және өнімнің қосылған құнын арттыруға бағытталған кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шараларын күшейту қажет. Бірінші кезекте өсу әлеуеті жоғары шағын және орта кәсіпорындарды қолжетімді қаражатпен қамту мәселесіне көңіл бөлу керек. Өңірлер Жергілікті қамту жөніндегі комиссиялардың жұмысын күшейтуі қажет. Өнеркәсіп, қаржы, ұлттық экономика министрліктері «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық тауарларды қолданудың тиімді мониторингін қамтамасыз етсін, — деді үкімет басшысы.
Сонымен бірге бюджеттік бағдарлама әкімшілері қаржылық тәртіпті күшейтулері керек.
Демек, қаражатты уақытылы игеруге баса назар аударған жөн. Бюджеттік параметрлерді қатаң сақтай отырып, қаражатты тиімді бөлуді қамтамасыз ету қажет. Қорыта айтқанда, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осы жылдың соңына дейін барлық ресурстарды экономиканың сапалы өсуіне жұмылдыруы керек. Қазіргі жағдайда бұл оңай шаруа емес. Сондықтан осы бағыттағы күш-жігерді еселей түсу қажет, — деді Олжас Бектенов.