Елімізде 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада көз жұмды. Талғарда болған осы оқиға қоғамды дүр сілкіндіріп, желіде қызу талқыланды. Түрлі әлеуметтік желіде жастардың агрессиясы шектен тыс екенін жазып жатқандар да болды.
Baribar.kz тілшісі психолог Гүлзат Қанатпен сөйлесіп, «Агрессия жақсы қасиет пе, жаман қасиет пе?», «Жастар арасында шектен тыс агрессия көп болуына не әсер етеді?», «Балаға агрессияны орнымен қолдануды қалай үйретуге болады?», «Агрессияны қалай дұрыс шығарамыз?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

«Агрессия бізді қорғау үшін қажет»

– Агрессия деген не? Ол жақсы қасиет пе, жаман қасиет пе?

Агрессия – біздің ішіміздегі әртүрлі эмоцияның спектрі. Екінші жағынан агрессия – күш. Ауыр затты көтерейін деп жатқанда сізді күлкі қысса, ол затты көтере алмайсыз. Осы үшін де агрессия – сізді қорғайтын, сіздің жеке шекараңызды қоятын күш. Біз мүлдем агрессиясыз бола алмаймыз. Агрессиясыз адам болмайды. Айналаға жақсы көрініп, агрессиясын көрсетпейтін адам аутоагрессиямен жүрген адам болуы мүмкін. Аутоагрессияда агрессия адамның өзіне бағытталады. Ол бәріне көніп, біреу ұрысып кетсе де, ұрып кетсе де ештеңе демейді. Өзгелердің басынуына рұқсат беріп, өзін ғана жазалайды. Бұл – дұрыс емес. Негізінде агрессия бізді қорғайтын күш. Ең ежелгі замандарда да аң аулап, отбасын асырау үшін агрессия керек болған. Қазіргі заманда да агрессия бізді қорғау үшін қажет.

– Адамдар агрессияны қорғану үшін емес, өзге адамды қорлау үшін пайдаланып жатады.

– Иә, агрессияның патологиялық түрі де бар. Адамның өз шекарасын білмей, өзгенің шекарасын бұзуы – патологиялық агрессия. Патологиялық агрессия неден пайда болады? Мысалы, баласына «мен сені тудым, сені бақтым, енді мен айтқан оқуды оқисың, мен айтқан адамға үйленесің, мен айтқан жерде тұрасың» дейтін ата-аналар бар. Ата-ана көбіне балаға жеке тұлға ретінде емес, өзінің жалғасы деп қарайды. Осындай жағдайда өскен бала өзге адамның қажеттіктерін ести алмайды. Патологиялық агрессия балаға қажеттіктерді дұрыс бермегеннен пайда болады.

Осы тұста  кеңес үкіметіндегі тәрбиеге тоқталуға болады. Кеңес үкіметі кезіндегі үлкен кісілердің балаға қоятын талабы мен тәрбиесі тым қатал болды. Ол тәрбие кеңестік құрылымнан тарайды. Кеңестік құрылым моделі концлагерь моделіне ұқсас. Мысалы, бір бала жылап жатса, үлкендер «жылай берсін, көзі қараяды» дейді. Бұл – өтірік. Бұл жағдайда бала ашуланып-ашуланып, ашуын бағыттайтын ешкім таппай, ішіне жинай береді. Бала ашуланса, ұрып-соғатындар бар. Баланы ешқашан ұруға болмайды. «Балану ұрмау керек» деген кезде көпшілік «бізді де ұрып өсірді, өлген жоқпыз» деген аргумент айтады. Баланы ұрғаннан тән өлмеуі мүмкін, бірақ жанға жара түседі. Ол жара жиналып-жиналып жарылады. Баланың өмірінде зорлық-зомбылық, ұрып-соғу көбейген сайын баланың ішінде ашу жинала береді. Осы ашу сыртқа шыққанда айналасына үлкен кесірін тигізуі мүмкін.

Гүлзат Қанат, психолог.
Гүлзат Қанат, психолог. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Талғарда баланы өлтіргендерді ауытқуы бар деп қана қабылдауға болмайды. Олар – қылмыскер»

– Талғарда бір топ адам 16 жастағы баланы ата-анасының көзінше өлтіріп кетті. Жастар арасында агрессияның шектен тыс көп болуына не әсер етеді?

Осы қылмысты істеген адамдардың ісіне қарап ол адамдарда патологиялық агрессия бар екенін және ол адамдардың психикалық құрылымы дұрыс емес екенін байқауға болады. Біздің қоғамда көп адамға психиатрдың көмегі керек. Адам өзінің физиологиялық ерекшелігін біліп, сақтанғаны жөн. Адам өз ерекшелігін білмегендіктен, осындай жағдайлар болады. Негізі ер адамдар әйелдерге қарағанда табиғатынан агрессив келеді. Біздің қоғамымызда «ұлды ұрып өсіру керек» деген көзқарас бар. Ұл болса міндетті түрде таяқ жеуі керек деп ойлайды. Бұл – дұрыс емес. Ұл да, қыз да ешкімнен таяқ жемеуі керек. Бізде осы нәрсе норма деп қабылданады. «Ер шекіспей бекіспейді», «Ер адам білектің күшімен шешеді» деген түсініктер – қате. Жастар арасында агрессияның көп болуына балалық шақтағы травмалар да әсер етеді. Ер балаларды сүндетке отырғызу деген нәрсе бар. 1990-2000 жылдары ер балаларды сүйреп апарып, еш түсіндірмей, наркоз салмай, жылатып сүндетке отырғызды. Бұл да — агрессияның бір түрі. Бұл нәрсе ешқашан ұмытылмайды. Осындай агрессия көрген адам қоғамға агрессия таратады.

Талғарда баланы өлтірген адамдарды ауытқуы бар деп қана қабылдауға болмайды. Ол адамдар – қылмыскер. Құқық қорғау органдары осы адамдардың өмір жолын зерттеп, бұл тақырыпты қоғамға ашып беруі керек. Неге? Ата-ана келесі қылмыскерді өсірмеуі үшін. «Неге бұл адамдар бір шөлмек сыра үшін адам өлтірді?», «Бұл адамдардың психикалық құрылымы осылай жұмыс істейтіндей өмірінде не жағдай болды?» деген сұрақтарға жауап табылуы керек.

– Балаға агрессияны орнымен қолдануды қалай үйретуге болады?

– Қылмысқа бейім бала жасөспірім кезден-ақ біліне бастайды. Жан-жануарларды өлтіру, өрт шығаруға әуестік – қылмысқа бейімі бар баланың белгілері. Бала пластилин сияқты – әрқашан түзеп жіберуге болады. Ата-ана балаға жеке шекара деген нәрсені де түсіндіруі керек. Жеке шекара – әке-шешенің жатын бөлмесінен басталады. Әке-шешенің төсегі бөлек болуы керек. Қазақ қоғамында көп отбасы бір бөлмеде тұрады. Бірнеше бөлмелі үйде тұрса да балаларды жанына алып жататындар бар. Әке-шеше жатын бөлмесінің шекарасын көрсетпегендіктен, балада «жеке шекара» деген ұғым қалыптаспайды. Баланың алты айға дейін анасының қасында жатуы – норма. 1 жасқа жақындағанда төсегін бөлуге болады. Осылай-осылай жеке бөлмеге шығару керек. Осы нәрсе ерте қалыптаспағандықтан, адам ересек өмірінде де жеке шекара қоя алмайды.

Гүлзат Қанат, психолог. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Гүлзат Қанат, психолог. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Ақшасы күнкөрістен артылмайтын адам агрессив болады»

– Біздің қоғамымызда агрессия көп екенін автобусқа кіргенде-ақ байқаймыз. Үлкен кісілер жастарға жекуге дайын тұрады, жастар үлкендерді тыңдағысы келмейді. Елдегі кедейшілік, жұмыссыздық, жемқорлық мәселелері агрессияға әсер ете ме?

– «Аш адам ашулы келеді» деген мақал бар. Ол – рас. Адам тамақ ішпесе, жататын орны болмаса, жұмысы келіспей жатса ашуланады. «Маслоу пирамидасы» деген теория бар. Осы теорияда адамның базалық қажеттіктері пирамида ретімен орналастырылады. Төменгі бөліктерде қауіпсіздік, ішетін тамақ, киетін киім деген сияқты базалық қажеттіктер тұрады. Пирамиданың ең шыңында рухани мәселелер тұрады. Адам базалық қажеттіктері өтелген кезде ғана рухани мәселелер туралы ойлана алады. Ішетін тамағы, басында баспанасы жоқ адам рухани мәселелер туралы ойлана алмайды, мәдениеті биік адам болмайды. Бас себеп – базалық қажеті жабылмаған.

Жақсы өмір сүру адамның талпынысына байланысты екені түсінікті. Бірақ Қазақстанда тұрақты еңбекақы бар. Көп адам осы еңбекақыдан ары өсе алмайды. Мысалы, екі-үш жұмыс істесе де айлығы күнкөрістен артылмауы мүмкін. Бұл дұрыс емес. Адам екі-үш жұмысқа берген энергияны ақтауы керек. Ол энергияны қалпына келтіру үшін демалып тұруы керек. Демалып тұруы үшін ақша керек. Ақшасы күнкөрістен артылмайтын адам агрессив болады. Осы үшін де мемлекет маңызды шешімдер қабылдауы қажет. Үкімет біздің әке-шешеміз сияқты. Ата-ана бала үшін маңызды шешім қабылдаса, үкімет тұрғындары үшін маңызды шешім қабылдайды. Мысалы, мен өзгеден жақсылық көрмесем, өзгеге жақсылық жасамаймын. Үкіметтен, ата-анадан, айналадан жақсылық көрмеген адам өзгеге де жақсылық көрсетпейді. Осы үшін де біздің қоғамда агрессия көп.

Агрессия атмосфераға тәуелді ме? Неге адамдар жеке жүргенде тұйық болып, топпен жүргенде агрессия көрсетеді?

– Топтың күші бар. Топтың күшін түсіндіретін мысал ретінде футбол тамашалауды айтуға болады. Футболда жанкүйерлер айқайлап, боқтап, күнделікті өмірде істемейтін әрекетін істейді. Бұл – тобыр эффектісі. «Өзгелер өзіне осы нәрсені істеуге рұқсат беріп жатса, мен де істеймін» деген ой. Футболда оқыған адам да, оқымаған адам да ерсі әрекет істеуге ұялмайды. Бас себеп – біздің жанымызда психикалық құрылымы төмен адам отырса, біз психика деңгейінде уланамыз.

Гүлзат Қанат, психолог.
Гүлзат Қанат, психолог. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Адам алғаш боқтық сөз айтқанда мәдениеттің іргетасы қаланды»

– Агрессияны қалай дұрыс шығарамыз?

– Көп ата-ана тым жақсы бала өсіргісі келеді. Мінез көрсетпейтін, айтқанды істейтін, үлкенді тыңдайтын «тікенексіз» бала тәрбиелеуді қалайды. Осы үшін де баланың агрессиясын баса береді. Ол баланың агрессиясы ешқайда кетпейді. Іште жиналып-жиналып, бір күні жарылады. Осындай трагедиялы жағдай болмауы үшін балаға агрессияны дұрыс шығаруды үйреткен жөн. Агрессияны ұрсысып шығаруға болады. «Адам бір-біріне тас лақтырудың орнына алғаш боқтық сөз айтқанда мәдениеттің іргетасы қаланды» деген сөз бар. Бұл жердегі боқтық сөз – сублимация. Боқтау дұрыс деп тұрғам жоқ, бірақ біреуді ұрып-соққаннан, сөзбен сыбап алған дұрысырақ шығар. (Сублимация — қорғаныс механизмінің жетілген түрі (ред.). Агрессияны дұрыс шығарудың өзге де жолдары жетерлік. Ол – бокс, ережесіз жекпе жек. Спортта жетістікке жеткен адамдар агрессиясы бар болғандықтан жетістікке жетіп жүр. Бұл да сублимацияның бір түрі. Біз агрессияны басқа арнаға бұрып, дұрыс жолмен шығаруымыз қажет.

– Агрессияны шығарудың тағы қандай экологиялық жолдары бар?

– Ата-ана көп жағдайда балаға ашуланады. Осындай кезде баланы ұрмай, далаға шығып кеткен жөн. Адам ашуланған кезде өзін тыныштандыратын нәрсені табуы керек. Адамдарды әртүрлі нәрсе тыныштандырады. Кей адам физикалық еңбектен ләззәт алса, кей адам айқайлап ән айтқанды ұнатады. Кез келген спорт түрі агрессия шығаруға жақсы. Ең бастысы – адам агрессиясын қалай шығаратынын өзі табуы керек. Агрессияны жұмыста да шығаруға болады. Ең бастысы – сауатты шығару. Мысалы, пейнтбол деген ойын бар. Осы ойынға жұмыстағылармен барып, ренжіген адамды жасанды оқпен атуға болады. Бұл да — агрессияны сауатты шығарудың бір түрі.

– Әңгімеңізге рақмет!

***

Тағы оқыңыз:

Сталкинг: аңдып жүрген адамды қалай жазалаймыз?