Бұқаралық ақпарат құралдарында және түрлі әлеуметтік желілерде Қарқаралы ауданындағы өртке қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті.
Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеп отыр.
Тексерілмеген мәліметтер жарияланады. Мұндай жалған мәліметтер келеңсіз қоғамдық пікірді қалыптастырып қана қоймай, қоғамдық тәртіпке де теріс әсер етеді. Көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып табылады және Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады, — делінген хабарламада.
Осыған байланысты, Қарқаралы ауданының прокуратурасы азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды заңнаманы мүлтіксіз сақтауға және осы құқық бұзушылықтың жасалуына жол бермеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.