Еліміздің энергия көздерінің отын қоймаларында 5,2 миллион тонна көмір және 88 мың тонна мазут жинақталған. Бұл туралы үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
Энергия көздерінің отын қоймаларында 5,2 миллион тонна көмір және 88 мың тонна мазут жинақталған. Жалпы нормаға сәйкес келеді. Тек Риддер жылу электр орталығында көмір қоры 20 тәулік нормадан 14 тәулікті ғана құрайды. Жинақтау жұмыстары жалғасып жатыр, — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Оның айтуынша, министрлік өңірлер бойынша бірқатар ағымдағы мәселені бақылауда ұстап отыр.
Шығыс Қазақстан облысының Риддер жылу электр орталығында 2 қазандық жұмыс істеп тұр. 2 қазандықты жөндеу аяқталды, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Тағы 2 қазандықты жөндеу 10 қарашаға дейін аяқталады. Жылыту кезеңінде жұмыста 3 қазандық болуға тиіс. Түркістан облысы Кентау қаласының жылу электр орталығында №8, 10, 11 қазандық іске қосылды. № 5, 6, 9, қазандықтардың дайындығы қазан айының ортасына дейін қамтамасыз етілуге тиіс. Қыс мезгілінде 4 қазандық жұмыс істеп тұруы қажет. Маңғыстау облысында энергия жүйесінің тұрақты түрде жұмыс істеуі үшін, «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылу электр стансасының № 3 энергия блогын жөндеуді осы жылдың соңына дейін аяқтау керек, — деді министр.
Сонымен қатар министр күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты өтуі үшін энергетикалық кәсіпорындар негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеуді бекітілген мерзімде аяқтауын, отынның нормативтік қорының жинақталуын және сақталуын қамтамасыз етуін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті энергетикалық кәсіпорындарға тұрақты тексерулер жүргізіп отыруы қажет.