Алматыда 57 жыл пайдаланылған жылу құбыры ауыстырылды

Алматыда тозығы жеткен жылу құбыры ауыстырылды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Алматыда Сүйінбай даңғылы бойындағы Гаршин көшесінен Бекмаханов көшесіне дейінгі аралықтағы құбырды ауыстыру жұмыстары аяқталды. Қайта жөнделген бөліктің ұзындығы 644,5 метр.

Ауыстырылған құбыр 1967 жылы пайдалануға берілген және қазіргі уақытта үш көпқабатты тұрғын үй мен бір жеке үйді жылу және ыстық сумен қамтамасыз етеді.

Қалада биыл 20 км жылу желілерін қайта жаңарту көзделген. Алматының алты ауданында жылыту аралық кезеңге жоспарланған қайта құру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Аумақтарды абаттандыру ауа райына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асады, — делінген хабарламада.