Басты бетЖаңалықтар«Қазақмыс» кенішінде...

«Қазақмыс» кенішінде екі шахтер қаза болды

Қарағанды облысында «Саяқ-3» шахтасының екі қызметкерінің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрды.

Қарағанды облысының полиция департаменті «Саяқ-3» шахтасы қызметкерлерінің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Саяқ-3» шахтасында болған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 277 бабының 2 тармағына сәйкес, яғни абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша кешенді тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр, — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Сонымен бірге қайғылы оқиғаның мән-жайын зерттейтін комиссия құрылды.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы шеңберінде ҚР ЕХӘҚМ мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау өкілінің, сонымен қатар жұмыс берушінің өкілдерінің қатысуымен «Балқашцветмет» ӨБ «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС (Саяқ кеніші) қызметкерлерімен болған топтық жазатайым оқиғаға арнайы тергеу жүргізу үшін жазатайым оқиғаны тергеу жөнінде комиссия құрды, — делінген хабарламада.

Арнайы тергеу жұмыстары арқылы аталмыш жазатайым оқиғаның мән-жайлары мен себептері анықталады.

Еске салайық, «Қазақмыс» компаниясына тиесілі «Саяқ-3» шахтасында көміртегі газы шығып, нәтижесінде шахтаның екі қызметкері қаза болды.