Батысқазақстандық спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлері референдумға белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетуде. Соларды бірі — Парижде өткен олимпиада ойындарының қатысушысы, каноэде есу шебері Мария Бровкова. Ел ертеңіне бей-жай қарамай, бүгінгі референдумда өз таңдауын жасаған жас спортшы әр азаматтың дауысы маңызды екенін айтады.
18 жасында әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері атанған Мария өзі тұратын қала маңындағы Круглоозерное орта мектебіндегі учаскеде дауыс берді.
— Бүгін біздің еліміз үшін тарихи маңызды күн. Бәріміздің басты мақсатымыз өзіміздің болашағымыз үшін, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне осы референдумға дауыс беру. Еліміз тарихында осындай маңызды шарадан тыс қалуға болмайды. Себебі Қазақстан біздің Отанымыз, ортақ мекеніміз, ал оның болашағына қатысты салмақты шешімді қабылдауды халыққа тапсырған екен, ешқайсымыз шет қалмай, бір ауыздан дауыс беруіміз керек, — дейді спортшы.
Айта кетейік, Париж олимпиадасынан соң Мария Бровкова Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.