Еліміздегі қазіргі басты мәселе АЭС салу болып отырғаны жасырын емес. Қоғамның барлық мүшесінің пікірін ескеруге бағытталған референдумға облыстағы электрокар құрастырушылары сайлау учаскесінен табылды.
Жаңа заманғы көлік құрастырушысы конструктор бюросының басшысы Закир Хамзин бүгінде өңір тұрғындарының электрокарға деген сұраныстың артып келе жатқанын айтады. Облыс орталығындағы арнайы орынға жиналған токкөлік құрастырушылары мен токкөлік иелері бір мезетте өздері тіркелген сайлау учаскелеріне аттанды. Олардың референдумға қатысуы экологиялық саясаттың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Елімізде электр қуатына деген тапшылық сезілуде. Тіпті токпен жүретін көліктерге де қуат көзі керек. Сол себепті АЭС салу мәселесі бізді ерекше алаңдатады. Соңғы кезде елімізде ғана емес, әлемде электрокарға деген сұраныс артып жатыр. Ал ол артық энергияны талап етеді. Сондықтан барлық электрокар иелерімен бірігіп, өз таңдауымызды жасауға жиналдық. Еліміздегі әр азаматтың пікірі маңызды, — дейді конструктор бюросының бас инженері Алексей Феденев.
Референдумда электрокар иелері өз көліктерінің артықшылықтарын, экологиялық аспектілерін және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстарын да жеткізді. Электромобиль иелері өз дауысын беріп, мемлекет тарапынан электромобильдерді қолдау бағдарламаларын күшейтуді сұрады. Дауыс беру барысында көптеген электрокар иелері экологиялық таза көліктерді қолдауға арналған салықтық жеңілдіктер мен электр зарядтау станцияларының санының артуы жөніндегі ұсыныстарын білдірді. Бұл бастамалар экологиялық таза көліктің пайдаланылуын арттыруға және еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға сеп болары сөзсіз.
Референдумның нәтижелері жақын уақытта жарияланады, ал электрокар иелерінің белсенділігі еліміздің болашағына әсер ететін экологиялық шешімдердің қабылдануына ықпал ететініне сенім мол.