Танымал эстрада әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Гүлнар Сиқымбаева дүниеден өтті.
Гүлнар Ермекқызы Сиқымбаева 1961 жылы Түркістан облысы Төлеби ауданында дүниеге келген. Эстрада әншісі «Гүлдер» ансамблінде еңбек етіп, өнерсүйер қауымға «Мен саған өкпелемеймін», «Мерекем – сен», «Аяулым» әндерімен кеңінен танылды. 2000-жылдардың басында «Хабар» телеарнасы түсірген «Ұят болмасын» бағдарламасының белсенді қатысушысы ретінде де көрермен қауымға жақсы танымал.
Алайда кейінгі жылдары әнші сахна төрінен көрінбей кетті.
Гүлнар Ермекқызы өмірінің соңғы жылдарында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде сабақ беріп, студенттерге дәріс оқумен айналысты.
Аға оқытушы деген дәрежем бар. Жалпы, бұл жұмысқа осы оқу орнындағы өнер және мәдениет кафедрасының меңгерушісі Гүлнұр Өмірбаева шақырған болатын. Шынын айту керек, біздің жасымызда әншілік өнерді тастамай, жалғастыру біршама қиындық тудырады. Ол үшін үнемі концерт, іссапарларда жүру керек. Отбасы, бала-шаға, тіршілік қамы бар дегендей… Әйтеуір, қазір ұстаз болып, дәріс оқып жүрмін, — деп сұхбат берген болатын көзі тірісінде марқұм.
Гүлнар Сиқымбаеваның соңғы жылдары денсаулығы болмай, бүйрегі сырқаттанып, арнайы аппарат арқылы ем алып жүрген болатын.
Марқұмның жаназасы 6-қазан күні сағат 12.00-де Түркістан облысы Төлеби ауданы Жамбыл ауылындағы өзі туып-өскен қара шаңырақта өтпек.