Сот жүйесіндегі өзгерістер тоқтап қалмайды. Бұл туралы Қазақстан судьяларының съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Реформа кезінде анықталған олқылықтар дереу жойылуға тиіс. Сот әкімшілігі осыған қатысты талдау жұмысын күшейткені жөн. Қазылардың қызметі сапалы болуы керек. Әрбір іс тек заң аясында қаралуға тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осы саладағы цифрландыру ісін жалғастыру маңызды екенін айтты. Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті, сонымен қатар сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті.
Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл — әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады. Бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады, жұрт та босқа арызданып, шағымдана бермейді. Жалпы, сот ісін жеңілдету – маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн, — деді мемлекет басшысы.