Дінтанушы, оқытушы Мұхиддин Исаұлының айтуынша, діннен бездіру бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Маман «Ойла» подкасына берген сұхбатында бұл құбылыстың себептері мен салдарын жан-жақты талдап, радикал және деструктивті ағымдардың қоғамға тигізетін әсері жайлы өз ойын ортаға салған. Оның пікірінше, мұндай уағызшылардың әрекеті діни сауатсыздықтың және рухани құндылықтардан алыстаудың нәтижесі болып отыр.
«Ислам арабтарға ғана тән емес»
Мұхиддин Исаұлы әуелі ислам діні белгілі бір ұлтқа ғана тиесілі емес екенін айтып өткен.
«Біріншіден, дін арабтікі емес. Екіншіден, араб ұлтының бәрі мұсылман емес. Кезінде бәрі бірдей мұс әскерлер ылмандықты қабылдаған жоқ. Пайғамбардың уақытында Меккенің жанындағылар ғана қабылдаған. Содан кейін исламды қалай арабтың діні дейміз? Дін Алланыкі», – дейді маман.
Ұлттық дәстүр мен діни киім: араб пен қазақ үлгілері
Дінтанушының айтуынша, Құранда хиджаб ормалға қатысты айтылмаған. Ол бүркену, перде деген мағынаны білдіреді.
«Құранда қазіргі хиджаб деп жүргендеріңді «хумур», «химар» дейді. Бүркену бар. Бірақ қалай бүркенуді әр ұлттың өзі біледі. Бізде жас келіншек орамал, кейін кимешек тағады. Бірақ арабтарда ондай жоқ. Оларда тек хиджаб бар», – дейді Мұхиддин Исаұлы.
Маман қазақта бұрындары қыздардың киіміне қарап, тұрмыс құрған ба, жоқ па, анықтау оңай болғанын айтады. Арабтарда оны біле алмайсың. Арабтың қыз-келіншектері тек қара киім киеді. Кейбір мазхабтардың ішінде бетін тұмшалайтындар да бар, ол киімді никаб дейді. Бірақ біздің ханафи мазхабында тұмшалану парыз етілмеген. Керісінше, бетін, қолын ашып жүру керек. Қағбаға келгендердің көбі біздің мазхаб бойынша арнайы амалдарын жасап, бетін ашады. Себебі адам адамды тануы керек.
Мұсылмандықты киіммен шектеуге бола ма?
Мұхиддин Исаұлы жастар қазіргі кезде оранудың, хиджаб тағудың стилін жасап алғанын айтып отыр.
«Оны олай емес, былай тағу керек деп араб стилінде тағуға тырысады. Көп блогер әйелдер де солай тағады. Орамал таққаннан кейін, ананы айтуға болмайды, былай сөйлеуге болмайды деп уағыздайтын молдалар да табыла кетеді. Орамал тағып, теледидарға түсіп жүргендер де, күнделікті өмірде басынан орамалын тастамайтын апаларымыз да бар. Бірақ олар араб стилінде тақпайды. Орамал таққан бір кісі билеп жатса, арабтың жылап тұрған, «исламды қаралап жатыр» деген видеолары шыға кетеді. Сонда олар билегені үшін кәпір ме? Араб стилінде орамал тағатындарға ештеңе демейді де, өзімізше таққандарға сөйлей жөнеледі», – қынжылды дінтанушы.
Оның айтуынша, мұсылмандық, иман жүректе. Орамал тақпай-ақ, намаз оқып жүргендер де бар. Орамал тағып, оқшауланып жүргендерді «сектанттар» дейді. Себебі олардың өз түсінігі, пайымы бар.
«Сен Құдайсың ба, әлде Пайғамбарсың ба? Бес, алты жыл Арабияда, Пәкістанда оқып келіп, тон пішетіндей уағызшы болатындай кім едің?! Бірақ олар белгілі бір образ таңдап алып, сақал қойып, имидж жасап, «менің территориямда айтылғандар ғана ислам, ал территориямнан сыртқа шыққандардың түсінігі ислам емес» дейтіндер бар», – дейді ол.
Қазір Өзбекстанда уағыз айтатындарға тыйым салып тастаған. Себебі уағызшылар өзбектердің мәдениетіне, ұстанымдарына қарсы шығып кетті. Имамдар да артық кетіп қалып жатыр дейді дінтанушы. Маман бұл үрдіс біздің елімізге де келуі мүмкін екенін айтады. Ондай болып жатса, таңғалмайтынын да жасырмай отыр. Солай болуы керек дейді.
Жастардың уағызы нәпсі мен сезімнің ықпалында айтыла ма?
Теологтың айтуынша, әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған жерде, дінді жастардың қолына беретін болсақ, «дін» деп басқа нәрсені әкелуі мүмкін.
«Дінді жастардың қолына бермеу керек. Дін жеңіл тақырып емес. Дінді жастардан үйренбе деуімнің себебі – олардың діни білімі әлі қатаймаған. Сынақ көрмеген. Уағыз айтып жүрген жастарда қысым болса, сонау 20-жылдардағыдай ит жеккендей айдаса, сол ұстанымдарында қала ала ма, қалмай ма?! Сондықтан жастар уағыз айтқанда өз сезімдері мен нәпсісіне беріледі. Себебі олар нәпсісін әлі тізгіндемеген», – дейді маман.
Мұхиддин Исаұлының айтуынша, уағыз айтқанда, ән сияқты әдемі шықса, елдің бәрі соны әнші қылып алатынын айтады. Желік қуған жастарға да сол ұнайды. Бұрындары уағызды қорқытып айтса, қазіргілер әзіл-қалжыңмен айтуға құмар. Жастарға да сол ұнайды.
Шетелден білім алған жастардың уағызындағы мәдени алшақтық
Шетелден білім алып келген жастар мәдениетін де, санасын да, ойын да өзгертіп келеді. Теологтың айтуынша, шетелден оқып келгендер дінді айтқанда, қазақша мықты білетін араб болып уағыз айтады. Себебі ол сол жақтың Абайын, Шәкәрімін оқыды. Сол жақтағы ұстазының үйретуімен, сол көзқараспен қарап уағыз айтады. Ал бізге шетелдің мәдениеті келе бермейді.
«Кейінгі жиырма жылда шетелден оқып келушілердің саны артып, уағыздарды өзгертіп жіберді. Жалпы айтқанда, біз арабтың ханафи мазхабын ұстанып жүрміз. Иманның шарты жетеу. Ал арабтарда алтау. Біздегі жетіншісі – ақыретке және өлгеннен кейін денелеріміздің қайта тірілетініне сену. Ал арабтарда оған илану шарт емес. Алла Тағаланың бізді жаратудағы мақсаты – келесі кезеңге дайындау. Жұмақ, тозақ әркімнің өз пайым-түйсігіне қарай (белгіленеді). Бірақ ана жақта не боларын Құдай ғана біледі. Бұл дүниеге сынақ үшін келгенімізді осылай түсіндіру керек қой. Әйтпесе қазіргілердің айтатыны жоғарыда айтылған тақырыптардың айналасынан шықпайды», – деп пайымдады дінтанушы.
«Уағызшылардың қатесінен исламды қабылдаушылардан алыстаушылар көбейіп жатыр»
Дүмше молдалардың ұстанымы – ғылым, білімге бағыттамауы яки айтылар әңгіменің бәрі тоқал алумен, накибпен шектелуі. Дінтанушының айтуынша, бұл дінді ұстанатындардың исламға келуіне кедергі келтіріп отыр.
«Қатты-қатты сөйлесең, мұсылман дінінен шығады» демекші, ондай уағыз айтатындар дінсіздерді дінге тартып отырған жоқ, керісінше исламға келмекші болып отырғандарды бездіріп жатыр. Уағыздарымен өзгелердің тозаққа баруына себепкер болып отыр. Уағызшыларды тыңдап, исламды өздерінше топшылап, «бұндай діннен аулақ» дейтіндердің қатары көбейіп жатыр», – деп налиды маман.
Теологтың айтуынша, дін мен ғылымды ұштастыра алмайтындардың ісін азғырушының өзі жасай алмайды десек болады. Өйткені азғырушы болса, «сен азғырушысың ғой» деп оларды танып отырасың. Ал уағызшыларды білмей қаласың. Бұл ғалым ғой деп, айтқандарын қабылдай бересің. Содан не ұлтың, не салтың жоқ, қалай жоғалып кеткеніңді де байқамай қаласың.