«Астана орманы» ЖШС құс түрін арттыру үшін орманға жыл сайын қырғауыл жібереді. Бұл жолы елорданың жасыл белдеуі аумағына 750 құс жіберілді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлап отыр.
Астананың қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, қырғауылдың тіршілік ету ортасы жыл сайын кеңейіп келеді.
Құстарды «Астана орманы» ЖШС орманшылары үнемі назарда ұстайды, қыстыгүні қажет болса, қосымша азық беріледі.
Қырғауылдар аязға өте төзімді, ерекше күтіп-бағуды қажет етпейді, тек қыста азықтандыру қажет. Қырғауыл негізінен өсімдікпен – тұқымдармен, жидектермен, өсімдіктердің тамырымен қоректенеді. Бірақ қажет болса жануарлар жемімен, тіпті жәндіктермен қоректенеді, – деді елорданың қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы.
Қазіргі уақытта мұнда 2 100 қырғауыл бар. Биыл елорданың жасыл белдеуі аумағына 1800 қырғауыл жіберу жоспарланған. Оның ішінде сәуір айында бірінші партия 700 бас, маусымда 150 бас шығарылды, енді 750 данасы шығарылып отыр. Осы айдың соңында 200 қырғауыл шығару жоспарланған.
«Астана орманы» мамандарының пікірінше, қырғауыл құсын өсіру бірқатар мәселені шешуге көмектеседі және республикамыздың биоалуантүрлігін сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зиянкестермен биологиялық күресу арқылы орман екпелерін сақтауға ықпал етеді.