Басты бетЖаңалықтарЗайырлы мемлекет...

Зайырлы мемлекет болу елімізге қандай артықшылық береді? Дінтанушы жауап берді

Зайырлы мемлекет ұғымының мәні неде және бұл бағыт Қазақстанға қандай артықшылықтар береді? Baribar.kz тілшісі осы және басқа да маңызды сұрақтарды дінтанушы Досай Кенжетай мырзаға қойды. Маман сұхбат кезінде зайырлы болудың тарихи негіздерін, бұл бағыттың қоғамдағы орнын және мемлекет пен діннің қарым-қатынасын сараптап, бүгінгі жаһандану жағдайындағы зайырлы болудың өзектілігін айтып берді.

«Зайырлы мемлекетте діннің рөлі адамдардың өз сенімімен шектеледі»

Дінтанушының айтуынша, зайырлы мемлекет – дін мен мемлекеттің бір-бірінен тәуелсіз жұмыс істейтінін көрсететін құқықтық қағида. Мұндай мемлекетте заңдар мен мемлекеттік саясат діни талаптарға негізделмейді, оның орнына халықтың құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталады.

Тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл ұстаным Батыс елдерінде Ренессанс пен Ағартушылық дәуірінде қалыптасып кеткен еді. Зайырлылық қағидаты елдің барлық дінге бейтарап көзқараспен қарауды және діни сенімі бар адамдардың наным-сенімін сыйлауды қамтамасыз етеді, – дейді Досай Кенжетай.

Ал зайырлы мемлекет пен діни мемлекет арасындағы негізгі айырмашылықтар қандай? Сауалымызды маманға қойдық.

Зайырлы мемлекет пен билігі дінге құрылған мемлекеттің негізгі айырмашылығы сол – елді басқару түрі діни ұйымдардан тәуелсіз болады. Зайырлықты ұстанған елде қоғамға қатысты және саясатқа қатысты шешімдер діни нормаларға сүйенбейді. Ал дін ұстанған елдерде мұның бәрі керісінше жүреді: мемлекеттің саясаты және құқыққа қатысты шешімдер қандай да бір діннің ұстанымдарына негізделеді, — деп жауап берді дінтанушы.

Досай Кенжетайдың айтуынша, мұндай айырма қоғам өмірінде азаматтардың құқығының тең болуы, азаматтық және діни сенім еркіндігі дәрежесінде айқын көрініс табады. Зайырлы мемлекеттерде бүкіл адамның құқықтары бірдей қорғалады, ал діннің қағидаттарына берік мемлекеттерде заңдар діни негіздерге сай жазылады.

Зайырлы мемлекетте діннің рөлі адамдардың өз сенімімен шектеледі. Демек, ел билігі дінге араласпайды, ал дін мемлекет билігінің әрекетіне қандай да бір ықпал етпеуге тиіс. Бұл шекара дін мен мемлекеттің әрқайсы өз саласында қызмет етуі арқылы сақталады. Бұл дегеніміз – мемлекет халықтың, әр адамның діни сенімін сыйлайды, құрметтейді, алайда оның саясаты діннен алшақ, яғни тәуелсіз болады деген сөз.

Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде теңдік пен әділетті қамтамасыз етіп отыр

Дінтанушының сөзіне қарағанда Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі бас артықшылықтары мынадай: ел билігі көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда әрбір адамға теңдік пен әділетті қамтамасыз етіп отыр.

Зайырлы мемлекеттің қағидаттары еліміздегі әртүрлі діни және этникалық топтардың бейбіт өмір сүруіне, қандай да бір шикіліктің шықпауына мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі жаһандану дәуірінде зайырлы ел деген халықаралық деңгейде ашық болуға, толерантты болып, оның деңгейін арттыруға, оған қоса экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға жағдай жасайды, — дейді Досай мырза.

Зайырлықты ұстанатын мемлекеттің дінге деген көзқарасы бейтарап болуға тиіс, демек ел билігі қандай да бір дінді қолдамауға тиіс, сондай-ақ қандай да бір дінге қысым жасамауы қажет.

Діни сенімі бар адамдардың құқықтарын қорғау керек, ол әбден маңызды, бірақ бұл құқықтар зайырлы қағидаттарға қайшы келмейтін шеңберде орындалып тұруға тиіс. Мемлекет діни сенімі бар адамдардың құқықтарын қорғап, құрметтеп қана қоймай, қоғамдағы түрлі-түрлі топтың құқықтары мен бостандығын да қамтамасыз етуге міндетті, — дейді маман.

Зайырлы мемлекеттің қандай механизмдері қажет?

Досай Кенжетай зайырлы мемлекет ұстанымдарын бұзбау үшін мынадай біршама механизм ұсынды:
1. Конституциялық кепілдіктер: Мемлекеттік заңнамада зайырлықтың негізгі қағидаттары анық және нақты түрде бекітілуге тиіс.
2. Білім беру: Мектептер мен жоғары оқу орындарында зайырлық пен азаматтық құқықтарға қатысты білім беруді күшейту керек.
3. Құқықтық бақылау: Зайырлы болу қағидаттарын бұзатын қандай да бір әрекеттерге қарсы заң жүзінде шаралар қолданылуы керек.
4. Мемлекеттік органдардың тәуелсіздігі: Діни ұйымдар мен мемлекет арасындағы арақашықтықты сақтау үшін мемлекеттік органдардың діни ұйымдар мен мекемелерден тәуелсіздігі сақталуы керек.

Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде дін және мемлекет қатынастарын қалай реттеп отыр?

Дінтанушының айтуынша, біздің еліміз зайырлы мемлекет ретінде дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты құқықтық негізде реттеп отырғаны айқын.

Қазақстанның Конституциясында зайырлы болу қағидаты анық бекітілген. Конституциямыздың бірінші бабының бірінші тармағында Қазақстан өзін зайырлы мемлекет деп жариялағанын білеміз. Бұл — мемлекеттің діни ұйымдардан тәуелсіз екенін көрсететін қағидат. Мұндай тәжірибе Франция мен Түркияда да бар, бұл елдерде де шіркеу мен мемлекет, мешіт пен мемлекет бөлек-бөлек қарастырылады, — дейді маман.

Мемлекет діннен тәуелсіз болғанымен, діни сенімі бар азаматтардың құқығы мен еркіндігін сыйлайды. Бұл халықаралық тәжірибеге сай келеді. Өйткені көптеген мемлекет дін мен мемлекетті бөліп, қоғамда тұрақтылықты сақтауға ұмтылады. Досай мырза Қазақстанның тәжірибесі де осы бағыт бойынша дамып келе жатқанынын айтып отыр. Бұл халықаралық құқықтық нормалар мен тәжірибелерге сай келетіні анық.

«Жалпы білім беру жүйесінде зайырлы білім басым болуы қажет»

Зайырлы болуды ұстанатын елде діни білім беру жүйесі жеке немесе арнайы діни мекемелерде жүзеге асырылуға тиіс.

Меніңше, жалпы білім беру жүйесінде зайырлы білім басым болуы қажет, ал діни білім беру жеке тұлғалардың таңдауы бойынша ғана жүзеге асырылғаны дұрыс, — дейді Досай Кенжетай.

Маман діни және зайырлы білім арасында баланысты сақтау үшін мемлекеттік мектептерде зайырлы білімнің негізгі қағидаттары мен құндылықтары оқытылуға тиіс екенін айтып отыр. Ал діни білім беру тек жеке мектептерде немесе арнайы курстарда жүргізілуі қажет. Дінтанушы бұл өзінің жеке көзқарасы екенін де айтып өтті.

Айжан Дайрабай