Алматыда мопед айдайтындардың көпшілігі жол ережесін сақтамайды. Соның кесірінен қалада мопед айдаған 19 жастағы жігіт қайтыс болды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
Алматы полицейлері мопедтер қатысатын жол-көлік оқиғасы жиілеп кеткеніне алаңдап отыр.
Алматыда мопедтер, самокаттар, скутерлер көп қолданылады. Бірақ, өкінішке қарай, көліктің бұл түрін жүргізген кезде жүргізушілердің көбі қарапайым жол қозғалысы ережелерін сақтамайды немесе оларды елемейді. Осылай, олар апатты жағдай тудырады. Бұл көбінесе қайғылы салдарға немесе адамдардың жарақат алуына әкеледі. Өткен күнгі осындай апаттардың бірі мопед тізгіндеген 19 жастағы жасөспірімнің өліміне әкеліп соқты, – деді Алматы қаласы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің командирі Оралбек Ахимов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері Алматыда мопедтер қатысқан 523 жол-көлік оқиғасы болып, нәтижесінде 535 адам жарақат алып, 11 адам қаза болған.
Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 19 мыңнан астам мопед иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мамандандырылған айыппұл тұрағына 1,5 мыңнан астам мопед қойылған.