Банктер мен микроқаржы ұйымдары берешегі бар азаматтарға жұмыс және демалыс күндері қанша рет қоңырау шала алатыны белгілі болды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Құжат бойынша, банктер мен микроқаржы ұйымдары борышкерлерге жұмыс күндері үш реттен артық, ал демалыс және мереке күндері екі реттен артық хабарласа алмайды.
Телефон арқылы сөйлесу жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейінгі кезеңде үш реттен, ал демалыс және мереке күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейінгі аралықта екі реттен аспауы керек. Соның ішінде қаржы ұйымының бастамасымен интернет желісінде қоңырау шалу үшін қосымшаларды пайдаланып та хабарласа алады, — делінген қаулы жобасында.
Айта кетейік, «Коллекторлық қызмет туралы» заңда борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау кезінде коллекторлар үшін де шектеулер белгіленген. Қолданыстағы заң бойынша коллекторлар жұмыс күндері 8.00-ден 21.00-ге дейін үш реттен артық қоңырау шалмайды.
Қаулы жобасы 19 қыркүйекке дейін талқыланады.