Басты бетЖаңалықтарТүркістан облысында...

Түркістан облысында 500 мыңнан астам көшет егіледі

Түркістан іргесінен 42 000 гектар жерге «Жасыл белдеу» орманды алқабын құру жоспарланған. Жыл сайын мұнда миллиондаған ағаш көшеті отырғызылады. Өсіп жатқан ағаштардың дені — көпжылдық және қылқанжапырақты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мемкемесінің орман қоры 28 мың гектардан асады. Орман алқабы құрылғалы 5 жылдың ішінде бұл жерге 17 млн ағаш отырғызылды. Оның тең жартысы көпжылдық ағаш көшеттері де қалғаны сексеуіл. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің орманды алқабын арттырып, жасыл желекті көбейтуді, күтімін күшейтуді тапсырды.

Бүгінгі жиналыста кәсіпорнының аумақта орман шаруашылығын дамыту жұмысы туралы қаралды. Өңірдің орман алқабы Президент жария еткен елімізде 2 млрд ағаш отырғызу жобасына кіреді. Жоспар бойынша 18 870,5 мың ағаш көшеті отырғызылады. Оның 6 млн-нан астамы егілді. Биыл тағы 200 га жерге сексеуіл тұқымын себу жоспарланған.

Биыл көктемде түркістан облысында 500 мыңға жуық көшет егілді. Ал, күзгі науқанға 515 935 дана көшет егу жоспарлануда. Жалпы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстың елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. 800-ден астам елді мекенді көгалдандыру үшін 4 млн-нан астам көшет отырғызу жоспарланып, жұмыстар атқарылып отыр.

Кей ағаштар көрші мемлекеттерден әкелініп отырғызылған. Әрине, сырттан әкелген ағаштардың бейімделіп өсіп кетуі қиынға соғады. Бірден жерсініп кетпейді, ол үшін арнайы күтім керек, дейді мамандар. Орман алқабына отырғызылатын ағаш түрлері алдымен сол жерге бейімдеу процесінен өтеді. Осы мақсатта өңірде заманауи тұқымбақтар ашылған. Заманауи тұқымбақта 576 м2 жерге жылыжай орнатылған. Қазіргі таңда тұқымбақта барлығы 15 млн. астам ағаш-бұта көшеттері өсіріліп жатыр.