Елімізде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы жүзеге асырылады. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.
Инвест штабтың жұмысы ерекше бақылауда. Жалпы сомасы шамамен 30 млрд доллар болатын 73 инвестициялық жобалар қаралды. Жобалар санын көбейту және оларды сүйемелдеу үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді үйлестіру бойынша тиісті жұмыс күшейтіледі. Ол үшін «инвестицияға тапсырыс» механизмі әзірленді, онда әкімдіктер өңірлердің ерекшелігі мен артықшылықтарын ескере отырып бастама жасайды, — деді Роман Скляр үкімет отырысында.
Оның айтуынша, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жүргізіледі. Бүгінде платформада 746 жоба тіркелді, инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 68 млрд АҚШ доллары болды.
Сонымен қатар вице-премьер отандық автокөлік саласын дамытуға қатысты жоспармен бөлісті.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында экономиканың нақты секторын дамыту бойынша өзекті мәселелердің аясын айқындап берді. Өнеркәсіп саласын одан әрі қалыптастыру үшін металлургия, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы, машина жасау, химия салаларындағы 17 серпінді жобаның тізбесі бекітілді. Инвестициялық штаб шеңберінде мониториңі жүзеге асырылатын әрбір жобаны іске асыру бойынша егжей-тегжейлі жоспарлар бекітілді, — дейді ол.
Оның айтуынша, автомобиль жасау қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 30%-ке артқан.
160 мың бірлікті құрайтын екі ірі жобаны пайдалануға беру жоспарланып жатыр. Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін автокөлік компоненттерін өндіру бойынша 10 жобаны іске асыру жоспарланып жатыр, — дейді Роман Скляр.