Еліміздің барлық өңірінде білім беру ұйымдары өз есігін айқара ашты. Мемлекет білім сапасын арттыру, балалардың білім алуы үшін жайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Осы қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналарға арналған 3,5 мың кеңес беру пункті өз жұмысын бастайды. Колледждерде оқитын 300 мыңнан астам студенттің шәкіртақысы 50%-ке артты. 1,7 млн оқушы мектептерде тегін тамақтанумен қамтылады.
87 мың қазақстандық оқушы оқу жылын жаңа мектептерде қарсы алып жатыр. Жалпы 2024-2025 оқу жылы 536 мың оқушы орнына арналған 302 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Оқу бағдарламасына буллиңге қарсы іс-шаралардың бірі – «Қауіпсіздік сабағы» енгізіліп жатыр. Мұның барлығы отандық білімнің сапасын арттыруға, балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта құруға бағытталған.