1 қыркүйектен бастап студенттерге арналған стипендия мөлшері 50%-ке дейін артады. Бұл туралы үкімет баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толығымен орындалып жатқанын атап өтті.
Колледж студенттеріне берілетін стипендия мөлшері 50%-ке, бакалавриатқа 20%-ке, магистратура мен докторантураға 15%-ке артты. 1 қыркүйектен бастап 445 мың студенттің стипендиясы өседі, — делінген хабарламада.
1 млн 700 мың мектеп оқушысын, сонымен қатар бала-бақшадағы 100 мыңға жуық баланы тегін тамақтандыруды мемлекет толықтай өз мойнына алды. Оған бюджеттен 179 млрд теңге бөлінді. Биыл 1-класқа 352 мың бала барады. 302 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, 70 мектептің құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін әлеуметтік төлем енгізілді. Бүгінде 1,7 млрд теңге көлемінде аталған әлеуметтік көмекті 9 мыңнан астам жұмысшы алды.