Президент Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысып, сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл датаның айтулы белес екенін атап өтіп, сала қызметкерлерін құттықтады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Бәріңізге мәлім, қазақ мұнайы ғасырлар тоғысында алғаш рет Атырау аймағынан алынды. Содан бері бұл сала ел экономикасында айрықша рөл атқарып келеді. Халқымыз да мұнайды «қара алтын» деп атайды. Дүние жүзінің өркендеу жолы энергетика ресурстарымен тығыз байланысты болды. Ғылым мен технологияның дамуына қуат көздері ерекше ықпал етті. Осы үрдіске қазақ жеріндегі қара алтын өндірісі де мол үлес қосқаны сөзсіз, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мұнай өнеркәсібі өз тарихы мен дәстүрі бар сала екеніне тоқталып, оның қалыптасып, дамуына елімізге белгілі тұлғалар зор еңбек сіңіргенін жеткізді.
Геологтеріміз көптеген кен орнын ашты. Сафи Өтебаев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Бөлекбай Сағынғалиев бастаған мамандар кеніштерді ел игілігіне жаратты. Олардың тағылымды еңбек жолы әрдайым жас ұрпаққа үлгі болары анық. Аға буынның өнегелі ісін кейінгі ұрпақ лайықты жалғастыруда. Бұл салада тұтас еңбек династиялары бар, яғни, қара алтын өндірісі бүгінде мұнайлы аймақтың ата кәсібіне айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұнай мен газды еліміздің стратегиялық ресурсы әрі мемлекет экономикасының тірегі деп атады. Бұл ретте мұнайшылардың еңбегін жоғары бағалады.
Президент жақында Атырауда полипропилен зауыты іске қосылғанына тоқталып, осы саладағы басқа да жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.
Біз өңделу деңгейі жоғары өнім шығару мүмкіндігімізді еселей түсуіміз керек. Мұнай-газ – еліміздегі орта бизнесті дамыту тетіктерінің біріне айналуға тиіс. Бұл – ауқымы кең сала. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет кешенді шаралар қабылдап жатыр. Аталған секторда қызмет ететін ірі кәсіпорындар отандық кәсіпкерлердің өнімдерін өз қажетіне жаратуға басымдық бере отырып, жергілікті үлесті кезең-кезеңімен арттыра беруі қажет. Әлеуметтік жауапкершілікті күшейту, әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымның дамуына қомақты үлес қосу – негізгі міндет. Білікті мамандар даярлауға баса мән беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.