Алматыда 36,8 мың орындық 22 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматының білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Санаулы күндерден кейін 4 миллионға жуық оқушы үшін мектеп есіктері айқара ашылмақ. Барлық педагогтар жаңа оқу жылының қарсаңында сыныптарды жасақтау, сабақ кестелерін құру, оқулықтар тарату секілді дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы аптада бірқатар өңір мен Алматы, Астана қалаларының білім беру ұйымдарының дайындықтарымен, оның ішінде құрылыс, жөндеу жұмыстарымен, қауіпсіздік жүйелерінің жабдықталуымен, тамақтанудың ұйымдастырылуымен таныстым. Ең бастысы, мектеп ұжымдарымен кездесіп, жаңа оқу жылындағы міндеттерді бірге талқыладым, — деді Ғани Бейсембаев.

Оның айтуынша, өткен жылы оқу-ағарту министрлігі Алматы әкімдігімен білім беру жүйесін дамытудың бірлескен Жол картасын қабылдаған, оның негізінде бірқатар мәселе шешімін тауып жатыр, әсіресе, үш ауысымды мектептерді жою бойынша жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр.

Биылғы жылы Алматыда 36,8 мың оқушыға арналған 22 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде бірінші болып Әуезов ауданында №97 мектеп пайдалануға берілді. Аталған мектеп барлық заманауи талаптарға сай келеді, мұнда ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзивті кедергісіз орта, балалардың шығармашылығын, кітап оқу дағдысын дамытуға, цифрлық технологияларды игеруге арналған аймақтар, бастауыш пен жоғары сыныптар үшін жекелеген блоктар қарастырылған.

Қаланың 13 мектебі күрделі жөндеуден өтуде, мектептердің басым бөлігінде жұмыстар толық аяқталған. Мысалы, Бостандық ауданындағы №70 мектептің 1,2 мың оқушысы биылғы оқу жылында жаңартылған мектепте білім алады.

Білім басқармасының мәліметінше, бүгінде алматылық мектептердің 86,5%-нің пәндік кабинеттері жаңартылып, жаратылыстану-математика циклі пәндері бойынша білім алуға жағдай жасалған.

Биылғы оқу жылында білім сапасын арттыруға және оқу процесінде жайлы орта қалыптастыруға, әсіресе, мектептің ішкі ережесі мен жарғысының сақталуына, балалардың қауіпсіздігіне, тамақтанудың ұйымдастырылуына басымдық берілмек, — деді министр.