Басты бетЖаңалықтарЕліміздің барлық...

Еліміздің барлық өңірінде Білім күні 1 қыркүйекте атап өтіледі

Білім күніне арналған салтанатты іс-шара еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте өтеді. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы – ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы хабарлады.

2024-2025 жаңа оқу жылында 345 мың бірінші класс оқушысы алғаш рет мектеп партасына отырады. Олар үшін 1 қыркүйекте «Мектебім — мейірім мекені» тақырыбында салтанатты шара өтеді.

2 қыркүйекте — жаңа оқу жылының бірінші күні — «Менің Отаным — Қазақстан» тақырыбында Бірыңғай сынып сағатымен басталып, әрі қарай сабақ кестесіне сәйкес жалғасады. Педагогтардың еңбегіне ақы төлеуге қатысты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкердің нақты жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақытының есебін жүргізуге міндетті екенін хабарлаймыз, — деп мәлімдеді министрліктің ресми өкілі.

Демалыс және мереке күндері жұмыс істеген қызметкердің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі немесе қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі бойынша кемінде екі есе мөлшерде ақы төленеді.

Еске салайық, бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова 1 қыркүйек жексенбіге сәйкес келетіндіктен, салтанатты шара 2 қыркүйек күні өтетінін мәлімдеген болатын.