АЭС толық жұмыс істеуі үшін атом энергетикасы саласында жоғары білімі бар 400 қызметкер қажет. Бұл туралы «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиев Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша көпшілік талқылау барысында айтты.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, атом энергетикасы объектілері үшін мамандарға қажеттілік шамамен 2 000 адамды құрайды, оның 1 600—і жедел персонал. Мұндай нысандардың толыққанды жұмыс істеуі үшін атом энергетикасы саласында жоғары білімі бар 400 қызметкер қажет.
Атом энергетикасы саласындағы қажетті мамандар Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және Өскемендегі екі университетте даярланатын болады. Қазіргі уақытта 1649 студент «Ядролық физика», «Ядролық энергетикаға арналған материалдар» және «Ядролық физика және атом энергетикасы»бағыттары бойынша оқудан өтті. Осы мамандықтар бойынша оқитын студенттер негізгі тәжірибеден өту үшін Ядролық физика институты мен Ұлттық ядро орталығын таңдай алады. Біздің институт 30 — дан астам халықаралық ғылыми орталықтармен және оқу орындарымен ынтымақтасады, — деді Саябек Сахиев.