Алматыдағы Мұратбаев көшесінде орналасқан Parasat бизнес-орталығының үшінші қабаты мен мансарды заңсыз салынған.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, «Parasat Samex Co LTD» ЖШС иесіне жоспардан тыс тексеру жүргізу барысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабының 1-бөлігі және 321-бабы бойынша шара қабылданып, үшінші қабат пен мансардыны бұзу туралы ұйғарым берілген. Алайда меншік иесі бұл талаптарды орындамағандықтан, материалдар сотқа жолданды.
2023 жылдың қазан айында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен басқарма ұйғарымы мәжбүрлі түрде орындау туралы талап-арызы қанағаттандырылды. Меншік иесі құрылымды әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен өз бетінше бұза бастады, — деп атап өтті басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев заңсыз құрылысқа бақылауды күшейтуді тапсырған болатын.
Жалпы, қалада былтырдан бері 33 заңсыз нысан толығымен және жартылай бұзылды, оның ішінде бизнес орталық, мейрамхана, қосалқы құрылыс пен автосервис, сондай-ақ Мечта және KHAN сияқты ірі тұрғын үй кешендері бар.