Басты бетЖаңалықтарБаланың креатив...

Баланың креатив ойлауын қалай дамытуға болады?

Креатив ойлау – баланың дұрыс дамуы үшін маңызды және қажет дағдылардың бірі. Креатив ойлау балаға стандарттан тыс ойлауға, ерекше шешім қабылдауға, өз артықшылығын көрсетуге мүмкіндік береді.
Баланың креатив ойлауын қалай дамытуға болады? Baribar.kz тілшісі бірнеше әдіс-тәсілге тоқталып, бала шығармашылығын дамытатын ойындарға шолу жасады.

Креатив ойлау – адамның шығармашылық қабілеті. Креатив адамдар дәстүрлі немесе таптаурынға айналған ойлаудан бас тартып, тың нәрселерді ойлауға, жаңа идеяларды қабылдауға дайын болады. Ерекше ойлайтын адамдар жауабы жоқ сұрақтарға да жауап тауып, мүмкін емес істерді де еркін тындырады.

Ойын – баланың креатив ойлауын дамытудың ең тиімді әдістерінің бірі. Ойын көңіл көтеруге көмектесіп қана қоймай, баланың қиялын дамытып, ой-өрісін өсіреді. Рөлдік ойындар балаға әртүрлі тапсырманы шешуге мүмкіндік берсе, түрлі әдіс-тәсіл арқылы баланың креативін дамытуға болады. Біз осындай бірнеше ойын мен әдіс-тәсілге тоқталдық.

Ассоциация

Қазақша сөздікті ашып, кез келген сөзді таңдаңыз. Мысал ретінде «жасыл» сөзін алайық. Баламен бірге осы сөзге қатысты мүмкіндігінше көп ассоциация табу керек. Мысалы, шөп, орман, қияр, қарбыз, орамжапырақ және тағы басқа. Ассоциация ойыны арқылы сіз баланың бір тақырыпқа қатысты танымын арттырып, түсінігін кеңейтесіз.

Күтпеген байланыс

Бұл ойынды ойнау үшін қайтадан қазақша сөздікке жүгінеміз. Сөздіктен кез келген екі сөзді алыңыз. Мысал ретінде «автомат» және «сәбіз» деген сөздерді алайық. Бала осы екі сөздің үш айырмашылығы мен үш ұқсастығын табуы керек. Мысалы, автоматты да, сәбізді де қолмен ұстауға болады. Бірақ автоматты үйде өсіре алмаймыз. Бұл ойын баланың салыстыру қабілетін дамытады.

Cәбіз және автомат
Фото: ЖИ Шедеврум

Заттарды стандарттан тыс қолдану

Біз күнделікті өмірде заттарды стандартты қолдануға үйреніп қалғанбыз. Қаламмен жазу жазамыз, қасықпен тамақ ішеміз. Бірақ баланың креатив ойлауын дамыту үшін заттарды стандарттан тыс қолдану маңызды. Таспен от жаққан ежелгі кезеңді еске түсіріп көріңіз. Бұл әдіс баланың қысылтаяң шақта шешім қабылдай алуына жақсы әсер етеді.

100 сөзден тұратын әңгіме

Сіз баламен бірге 100 сөзден тұратын әңгіме құрастыруыңыз керек. Басты талап – бірде-бір сөз артық, бірде-бір сөз кем болмауы керек. Екінші талап – әңгіменің драматургиялық құрылымы дұрыс болуы керек. Демек, әңгіменің басталуы, дамуы және шарықтау шегі болуы қажет. Осы ойын арқылы баланың креативі дамиды.

Таспен от жаққан бала
Фото: ЖИ Шедеврум

Сөз

Сіз бұл ойынды ойнаған болуыңыз мүмкін. Ойын шарты бойынша бір ойыншы бір затты атайды, келесі адам осы заттың соңғы әрпінен келетін сөз табуы қажет. Бұл ойын шарты тек жеңіл болған жағдайда шарттарды қатаңдатуға болады. Осы арқылы баланың сөздік қорына жаңа сөздер қосылып, танымы артады.

Хамелеон

Бұл ойын шарты бойынша кез келген мәлімдемені таңдайсыз. Басты мақсат – осы мәлімдемені растау немесе терістеу. «Өзге ғаламшарлықтар бар» деген мәлімдемені алайық. Сіздің балаңыз жоқ екенін дәлелдеуге тырысса, сіз бар екенін дәлелдеуге тырысасыз. Осы арқылы балада аргумент айту, дәлелдеу машығы қалыптасады.

Өзге ғаламшарлық
Фото: ЖИ Шедеврум

Бір сөз

Балаға бір сөзден басталатын сөйлем жаздырыңыз. Мысалы – «Бауыржан бүгін барлық баламен бірге Баянауылға барды». Бұл ойында сөйлемнің мағынасы қандай болатыны маңызды емес. Ең бастысы – сөйлем құрау. Осы ойын арқылы балада сөйлем құрау, сауатты жазу, синонимдер қолдану деген сияқты машықтар дамиды.

Жалғастыр

Бұл ойын шарты бойынша ата-ана ақ қағазға кез келген пішін салады. Бала осы пішінді өз қиялына сүйеніп, жалғастыруы керек. Бала жалғастырған суретті ата-ана қайтадан дамытуы керек. Осылай, толыққанды картина дүниеге келеді. Бұл ойын бала мен ата-ана арасындағы байланысты нығайтып, баланың сурет салу қабілетін дамытады.

Әке мен бала
Фото: ЖИ Шедеврум

Аббревиатура

Бұл ойын шарты бойынша әртүрлі әріпті қосу керек. Осы қосылған әріптерді аббревиатура деп елестетіңіз. Мысал ретінде «ТЖКСШ» деген аббревиатураны алайық. Түрлі нұсқа ұсынуға болады. Мысалы, тамақ жеуден кәсіби спорт шебері. Осылай, баланың логикасы дамып, жұмбақ құбылыстардан мағына іздеуге тырысады.

Бір зат – көп  зат

Балаға кез келген затты көрсетіп, сол затты қолданудың бірнеше тәсілін сұраңыз. Мысалы, су ішетін стаканды жарық сөніп қалғанда шам астына қоямыз. Осы стаканды қарындаш пен тіс щеткасын салатын ыдыс ретінде де қолдануға болады. Бала осы ойын арқылы шығармашылық ойлауын дамытып, шешім шығаруға қабілетті болады.

Тіс щеткасы салынған стакан
Фото: ЖИ Шедеврум

Құбылту

Біз күнделікті өмірде креативті ойлау туралы әңгіме болғанда ертегінің маңызы туралы көп айтамыз. Шын мәнінде балаға ертегі айту аздық етеді. Баланың креативін дамыту үшін әйгілі ертегілердегі іс-әрекеттің орнын өзгерту маңызды. Ата-ана балаға ертегідегі бас кейіпкердің мінезін құбылтып сипаттауы керек. Осы арқылы бала қалыптасқан үлгіге жаңа көзқараспен қарауды үйренеді.

Логикаға арналған ойындар

Балалардың креативті ойлауын дамыту үшін конструктор, пазл, шахмат деген сияқты ойындар да қажет. Бұл ойындар баланың логикасын дамытып қана қоймай, шығармашылық ойлауын жетілдіреді. Мысалы, шахмат ойнай алатын бала жағдайды жан-жақты зерделеп, логикаға салып ойлана алады. Мұндай балалардың есте сақтау қабілеті де жақсы болады.