Алматыда BRT құрылысын бірнеше кезеңге бөлуге қатысты дөңгелек үстел өтті. Онда көлік саласындағы сарапшыларға, урбанистерге және БАҚ өкілдеріне Райымбек даңғылы бойынша Пушкин көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі BRT дәлізінің бірінші учаскесінің жобасы ұсынылды.
«Алматыбасжоспар» басшысы Асхат Сәдуовтың айтуынша, Райымбек даңғылына салынатын БРТ желісінің жалпы ұзындығы – 17 шақырым. Оның тоғыз шақырымын Пушкин мен Ахрименко көшелерінің аралығында салу жоспарланған. Жоба аясында автобустарға арнайы жолақтар салынып, жаңа аялдама кешендері орнатылады.
Жұмыстар «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жүргізілетін болады, яғни жолдың құрылысы ғана емес, сонымен қатар тротуарларды, үй маңындағы аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру кіреді. Жобаның мемлекеттік сараптамасы шілде айының ортасында ғана аяқталды. Екінші учаске бойынша – Сейфуллин даңғылынан Ахрименко көшесіне дейін жобалау жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде, — деді Асхат Сәдуов.
Осылайша, құрылыс жұмыстарының басталуы күзге тура келеді. Алайда жиналған сарапшылар ауқымды жобаны бірнеше кезеңге бөліп, жолдың тікелей құрылысын көктемге қалдыруды ұсынды.
Райымбек батыр даңғылы бойындағы жоба – жақсы жоба. Бұл даңғыл – қаладағы ең ұзын даңғылдардың бірі, ол 70 мыңға жуық автокөлік өтетін үлкен көлік торабы. Сондықтан келесі жылдың сәуір айында құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау керек деп ойлаймын, — деді сәулетші Назерке Мұңдаханова.
Сарапшылар қауымдастығының пікірін ескере отырып, жобаны бірнеше кезеңде жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев атап өткендей, осы жылдың күзінде мердігерлік ұйымды анықтау бойынша екі учаскеге конкурс жарияланады.
Жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары сәуір айында басталады. Бұл – жаңа оқу жылының басталуына байланысты қаладағы қатынасты қиындатпау үшін қабылданған шешім. Биыл инженерлік желілерді қайта құру, бөлу сияқты дайындық жұмыстарын бастаймыз және «Саяхат» ауданында ірі аялдама кешендерінің құрылысын аяқтаймыз. Ал, негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарын келесі маусымнан бастаймыз, — деді Сағындық Телібаев.