Гауһар Арыстан – еліміз бойынша халықаралық бағалау стандарттарына сай, Шымкентте ең үздік «Аламан» балабақшасының негізін қалаған. Негізгі мамандығы – инженер-механик. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Канадада білім алған. Гауһар бала кезінен оқу-білімге құштар болыпты. 8-класта оқып жүргенінде-ақ шетелге оқуға түсемін деп мақсат қойып, ағылшын тілін жетілдіруге тырысқан.
Кентаудан Канадаға…
– Кентаудағы дарынды балаларға арналған мектепте білім алдым. Әкем трансформатор зауытында инженер, ал анам тарих пәнінің мұғалімі болды. Олар біздің жақсы білім алуымызға бар жағдайды жасады. Бастауыш класта мақтау қағазын алғанымда әкем қуанғанынан мойнына мінгізіп тойлайтын. Сосын кешке үйге торт әкеліп, мерекелік кеш жасайтынбыз. 7-класта бізге 11-кластың оқушысы келіп лекция оқыды. Англияға барып, Оксфорд университетіне оқуға түскісі келетінін, дайындалып жүргенін айтты. Ол кезде маған Алматы, Астана секілді қалалардың өзі алыс сияқты еді, содан да оның арманы қол жетпестей көрінді. Бірақ сол жігіт мектеп бітірген соң өзі армандаған Оксфордқа оқуға түсті. Бұл мендегі үміт отын жақты. 8-кластан бастап «мен де шетелде оқимын» деген мақсатпен ағылшын тіліне ден қойдым. Мектепті «Алтын белгімен» бітірдім. Сосын «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға құжат тапсырдым. 2009 жылғы қазан айында Ванкуверге тіл оқуға бардым. Ал 2010–2015 жылдары Торонто университетінде инженер-механик мамандығы бойынша білім алдым. Бала кезде әкемнің сызған сызбаларын қызықтап, кейін зауытқа барып, сол сызған сызбаларының дайын өнімге айналғанын көргенде шабыттанып, бойымды мақтаныш кернейтін. Әкем сияқты инженер-механик боламын деп шештім. Әлемдегі топ университеттің қатарына кіретін Торонтода оқу өте қиын болды. Сапалы біліммен қатар, ақпарат жинап, оны жылдам өңдеп, іске асыру, дереу қолдана алу дағдымды дамытты, – дейді ол.
Бөлім басшысына дейін…
Гауһар қолына диплом алған соң, Шымкентке оралған. Мамандығы бойынша қаладағы ірі кәсіпорынның бірі – Karlskrona зауытына жұмысқа тұрған. Бұл зауыт уран, мұнай, кен өндіретін кәсіпорындар мен ірілі-ұсақты қалалардың су арналарына сорғы шығарады. Сонымен қатар электротехникалық құрылғы, реттеуші арматура, су тазалағыш және жылу, кәріз жүйелерінің қосалқы бөлшектерін жасайды. Гауһар басында инженер-конструктор болып кірген екен. Екі ай ішінде бөлім басшысы болып тағайындалған.
– Жұмысқа тұрғаныма енді ғана екі айдың жүзі болған. Барсам, телеарна журналистері зауытты түсіріп жүр екен. Басшымыз Уәлихан Ахметов «Гауһар шетелде білім алып келген, осы қыз сұхбат береді» деді. «Шетелдегі зауыттардың біздің зауыттардан айырмашылығы қандай?» деген сұрақ қойды. «Бізде де дәл шетелдегідей жақсы құрал-жабдықтар бар, станоктар тұр. Бірақ біздің үлкен проблемамыз – кадр мәселесі. Мықты инженерлер аз, тіпті жоқ деуге болады. Сосын жұмыс дұрыс ұйымдастырылмайды», — деп айттым. Басшымыздың түрі өзгеріп кетті. Ертеңіне есіктің аузынан қарсы алып, мақсатымды сұрады. Мақсатым зауыттың атқарушы директоры болу екенін біліп, күліп жіберді. Түстен кейін сол бөлімнің басшысы етіп қойды. Бұл зауытта екі жылдай жұмыс істедім. Осы жерде жүріп, болашақ күйеуіммен таныстым. Ол да — инженер, Польшада оқып келген. Біраз танып-білген соң күйеуге шықтым. Кейін екеуіміз Шаяндағы тағы бір зауытта жұмыс істедік, – дейді Гауһар.
Балабақша ашу туралы идеясы
Гауһар — бүгінде төрт баланың анасы. 2021 жылы үлкені үш жастан асқанда балабақша іздей бастаған. Қызын қалада аты шыққан бірнеше балабақшаға беріп көрген еді. Бәріндегі тәрбиешілердің балаға қарым-қатынасы ұнамайды.
– «Үш жастағы қызыңыз неге памперс (жөргек — ред.) киеді? Неге горшокқа отырмайды?», — деді. Әр баланың денесінің дамуы әртүрлі емес пе?! Горшокқа отырмаса, әлі дайын емес деген сөз. Сосын қызымды балабақшадан шығарып, өзім ізденіп, үйде әртүрлі ойын ойнатып, дамыта бастадым. Бір күні желіден италиялық Реджио Эмилия әдістемесі туралы вебинарды көрдім. Туған сіңлім Күнімжан бес жылдан бері жекеменшік балабақшада жұмыс істейтін. Осы әдістеме арқылы өзімнің арманымдағыдай балабақша ашу туралы идеямды айттым. Сіңлім жұмыстан шығып, қаланың бір бөлігінен ескілеу ғимаратты жалға алып, оны жөндеп, жекеменшік балабақша етіп аштық. Топта 15 бала бодды. Оның үшеуі — өзімнің балам, екеуі — сіңлімнің баласы, екі тәрбиеші, аспаз, тазалық қызметкерлері болды. Жұмысқа өзіміздің құрбыларымызды тарттық. Бәріміз бір ай бойы психологиялық курстан өттік. Бірақ біраз уақыттан кейін жабуға тура келді. Өйткені орналасқан жері қолайсыз, ескі шағынаудандағы ескі ғимарат еді. Жабылатынымызды естіген ата-аналар қынжылысын білдіріп жатты, — дедйі Гауһар.
«Аламан» қалай үздік атанды?
Бірер айдың ішінде Гауһар мен оның сіңлісі қаланы аралап жүріп, Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік аймағынан балабақша ашуға жалға алатын лайық ғимарат тауыпты. Сіңлісі жеке пәтерін сатып, ақшасын балабақшаның жөндеу жұмыстарына, керек-жарағына салады. Қаржы жағымен Күнімжан айналысса, Гауһар әдістеме жағын қолға алған. Тынбай ізденіпті.
– 2023 жылы елімізде балабақша жүйесіне өзгеріс енгізіп жүрген Гауһар Кииковамен таныстым. Ол баланың ерте жастағы дамуы бойынша Миссури университетінің магистратурасын бітірген. Бізге баланың ерте жастағы қоршаған ортасын бағалау шкаласы ECERS жайлы айтып, сәуір айында балабақшамызға бағалау жүргізді. 1,88 деген баға алдық. 3,0 деген баға сапаның минимал деңгейіне, 5,0 бағасы жақсы деңгейіне, ал 7,0 өте жақсы деңгейіне сай келеді. Бірақ әлем бойынша 7,0 деген ұпайға сай келетін балабақша жоқ. Гауһар министрлікпен бірлесіп, Қазақстан бойынша ауыл қала, мемлекеттік, жекеменшік 55 балабақшаға бағалау жасаған, сонда орташа ұпай 2,13 болған. Сосын біз ECERS бағалау шкаласын қолымызға алып, сәуірден қазанға дейін тоқтамай кем-кетігімізбен жұмыс істедік. Алты айдан соң біздің балабақшамыздың ұпайы 4,54-ке жетті. Бұл – бағалау жүргізген балабақшалардың ішіндегі ең жоғары ұпай. Тіпті Алматыдағы, Астанадағы қымбат балабақшалардың өзі ондай баға ала алмаған, – дейді ол.
Гауһардан ECERS бағалау жүйесі туралы кеңірек айтып беруді сұрадық.
– ECERS бағалау кітабының ішінде 468 көрсеткіш бар. 1,3,5,7 деген ұпайға сәйкес келетін әр көрсеткішке «иә» немесе «жоқ» деп белгілеп шығасың. Мысалы, 13-ші тармақ – балалардың сөйлеу дағдысын дамыту туралы. Үш деген ұпай алу үшін тәрбиеші балалармен көп сөйлесуі керек, ал бес деген ұпайға ие болу үшін тәрбиеші балалармен көп әңгімелесуі керек. Сөйлесу мен әңгімелесудің айырмашылығы бар. Сонымен қатар әр топта кемі 50 балалар кітабы болуы керек. Балабақшаның ішіндегі көрнекіліктің 2/3 баланың жеке жұмыстары, салған суреттері, қолдан құрастырған заттары болуға тиіс. Бала өзінің денен ерекшелігіне қарамастан, өзін топтағы өзге балалардай еркін сезінуі қажет. Әр топта өнермен айналысу, ұсақ моторика, кітап оқу, математика, рөлдік ойындар, ғылым, музыка және құрастыру орталығы сынды сегіз қызығу орталығы болуы керек. Бірақ мемлекеттік балабақшалардың кабинеттеріне бұлардың бәрін сыйдыра алмаймыз. Өйткені балабақшадағы балалар түсте ұйықтайтын бөлмені бөлек жасайды. 60 шаршы метр екі сағат ғана пайдаланылып, күні бойы бос тұрады. Ал біздің балабақшаның ерекшелігі — төсек-орын жиналмалы. Бір кабинеттің ішінде балалардың өзі қызығатын бағытымен айналысуына барлық жағдай жасалған. Тағы бір маңызды дүние, ғылыми зерттеу бойынша, баланың күніне кем дегенде бір сағат өзінің еркін уақыты болуы керек. Ал біздегі балабақшалар кестеге сурет салу, математика, дене шынықтыру, одан қалса, үйірмелер енгізіп, мектеп етіп тастаған. Балаға суретті сурет салу сабағында емес, кез келген, қалаған уақытында сала алатындай жағдай жасалуы керек, – дейді.
«Аламанның» ішіне енгеннен-ақ балалардың салған әртүрлі суретіне көзің түседі. Шығармашылық шеберханасы бар. Онда балалардың қораптан жасаған әртүрлі үйі, қызылды-жасылды табиғат көріністері, махаббат пен жылуа толы туындылары ілініп тұр.
Сүйек сорпасын беретін балабақша
«Аламан» балабақшасының үздік атануының тағы бір себебі – балаларға сапалы тағам ұсынатынында. Тіпті, балабақша аспазы арнайы әдіспен 24 сағат сүйек сорпасын қайнатып береді.
– Балабақшада болса да, мектепте болса да, жалпы біздің рационымызда қант, ұн тағамдары көп. Дұрыс тамақтанбаймыз. Сондықтан дұрыс тамақтануды балаларға кішкентай кезінен сіңірейік деп, осы мәселені қолға алдық. Мысалы, біз балаларға қызыл шай бермейміз, оның орнына итмұрын, түймедақ шайын, кептірілген жемістерден қайнатылған компот, тағы басқа пайдалы сусын ішеді. Баланың күндік рацион құрамы, ақуыз, жасұнық, май, көмірсу — бәрі есептелген. Брокколи, гүлді орамжапырақ, асқабақ, жеміс-жидек, бөдене жұмыртқасы және тағы басқа тағам беріледі. Әр тамаққа көк-сөк, күнзе, балдыркөк, асжапырақ, көк пияз қосылады. Тәттілер глютенсіз ұннан жасалады. Тазартылмаған қант қосамыз. Сүйек сорпасын балалардың бәрі жақсы көреді. Сол себепті елімізде вирус тарайтын кезеңде ауырып, келмей қалатын бала аз, – дейді Гауһар.
АҚШ-тағы балабақша жүйесі қандай?
Жоғарыда сөз еткен Гауһар Киикованың балабақшаларды жүйелеуге қатысты жеке онлайн мектебі бар. Біздің кейіпкерімізге өзінің сол мектебіне білім алуға келгендерге куратор, эксперт болуды ұсынған. Гауһар ұсынысын құп алған. Сонымен қатар өзі де осы саланы терең зерттеу үшін мамыр айында АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатына барып, төрт балабақшаның бақылаушысы болыпты. Португалияның Порту университетінде өткен ECERS зерттеушілер қауымдастығының 23-ші кездесуіне де қатысып қайтқан.
– Төрт күн АҚШ-тың төрт түрлі балабақшасына барып, үздіксіз бақылау жасадым. Ол жақтың балалары еркін, сосын өзіне сенімді. Өйткені қоғам сондай. Балабақша жүйесі жақсы дамыған елдерде баланы зерттеу институттары бар. АҚШ-та тіпті тек баланың ойынын зерттейтін Ұлттық ойын институты бар. Ол жерде ғалымдар балалардың іс-әрекетін бақылап, дамуға оң әсер ететін әдіс-тәсілдерді анықтайды. Сосын оларды саралап, ең тиімдісін педагогтарға ұсынады. Балалардың қауіпсіздігін алдыңғы қатарға қояды. Ойын алаңына қоятын нақты талаптары бар. «Қоғамдық ойын алаңының қауіпсіздігі бойынша кітапша» деп аталатын ұлттық құжаттары 1981 жылдан бері шығып келеді. Тіпті «Ойын алаңы қауіпсіздігінің инспекторы» деген мамандық бар. 0–2 жастағы, 2–5, 5–12 жастағы балалар үшін ойын алаңдарындағы әткеншек, сырғанақ, тағы басқа биіктік әртүрлі болуы керек. Ал бізде бәрі бірдей. Жердегі төселген жабындардың қалыңдығы да талапқа сай емес. Сондықтан бала байқаусызда құлап қалса, қол-аяғы сынып, майып болады. АҚШ-та, Португалияда өткен күндер біліміме білім қосты, өз ісін шексіз сүйетін адамдармен таныстым. Әрине, жол шығыны, қонақүй, бақылаушы болып қатысу арзан тұрмайды. Осы ретте қаржылай қолдаған күйеуіме рақмет айтамын, – дейді ол.
Балабақша жүйесінде өзгертетін дүние көп
Гауһар қазір эксперт ретінде Шымкенттің балабақшаларына барып, бақылаушы болып жүр. Сонымен бірге дамимын, ізденемін деген жандарға есігін айқара ашып, бар білгенін қуана бөліседі. Жақында ғана Ақтөбедегі бір балабақшаның қызметкерлері келіп, тәжірибе алмасып кетіпті.
– Біздегі балабақшалар жүйелеу қажет. Ол үшін тиісті заңдарға өзгерту енгізіп, ғылыми негіздерге сүйеніп, талаптарды басқаша қарастыру керек. Бізде бір сұрақ немесе мәселе туындай қалса, ағылшынша ғылыми зерттеулерді ақтарамыз, соған сүйенеміз. Мысалы, бір күні үш жастан енді асқан қыз топтағы басқа балаларды тістеп алатынды шығарды. Зерттеуді қарасақ, бұл тілі енді шығып келе жатқан көп балада кездесетін процесс екен. Онысы алты аптаға ұласатын болып шықты. Сосын қыздың анасын шақырып, осы зерттеумен таныстырып, алты апта басқа балаларға зиян болмауы үшін балабақшаға жібермей қоя тұруын өтіндік. Алты аптадан кейін балалармен бұрынғыша күліп-ойнап кетті. Біз балаларға еркіндік береміз, бірақ ереже орнатамыз. Балабақшаларда бақылаушы болып жүріп байқағаным, біздегі балалар уақытының көбін күтумен өткізеді екен. Қол жуатын кезде, тамақ ішетін кезде күтеді немесе ішіп болған соң, өзге балалардың толық киініп болғанын, сурет салғысы келсе, кезегін күтеді. Бір баланың үш сағаттың ішінде 58 минуты күтумен өткенін көрдім. Сондықтан осындай әртүрлі жағдайда мейлінше бала күтіп отырмайтындай әрекет жасау керек. Тағы бір жағдайды байқадым: тәрбиеші балаларға үш мысықтың суреті мен бір ермексаз берді. Тапсырма бойынша балалар бір ермексазды үш мысыққа жететіндей бөліп, көзіне жабыстыруы керек екен. Оны балалар түсінбеді. Тәрбиеші төрт жастағы балаларға «Неге түсінбейсіңдер? Неге дұрыс орындамайсыңдар?» деп ұрысты. Тіпті бір бала қисық жабыстырғаны үшін сөз естіді. Сосын біздегі балабақшалар балаларға жанжал шешуді үйретпейді. Бірінің қолындағы ойыншығын екіншісі тартып алып, жылатып қойса, «жылама, үніңді шығарма» деп жұбатады. Балалар апайының қас-қабағын бағып отырады. Біздің қоғамымыз – осы кеңестік жүйедегі балабақшалардың нәтижесі. Балабақша жүйесінде өзгертетін дүние көп, жаңашылдық керек, – дейді Гауһар.
Әйгерім Бегімбет